Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электрондық сауданы дамыту мәселесі қаралды. 2024 жылы Қазақстандағы электрондық сауда нарығының көлемі 3,2 трлн теңгені құрады, ал бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі үлесі 14,5%-ға жетті. Сала 300 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ал еңбек өнімділігінің өсуі дүкендер мен нарықтық сатылымдарға қарағанда 30%-дан асып кетті. Электрондық сауда нарығының дамуын ескере отырып, Премьер-министр Олжас Бектенов сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекенің заңсыз тәсілдеріне тап болған өндірушілер үшін де қауіпті азайту қажеттігіне назар аударды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ҚР Премьер-Министрі:
– Біздегі нарықтың ауқымды бөлігін шетелдік интернет-алаңдар алып жатыр. Оларды отандық тауарлар экспортын арттыру үшін тиімді пайдалануға болады. Екінші жағынан, тұтынушылардың құқықтары мен зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға байланысты мәселе туындайды. Маркетплейстердегі тауарлардың сапасына қатысты да сұрақтар бар. Шетелдік алаңдар түгілі, отандық маркетплейстер де сапаға кепілдік бере алмайды. Өнімнің түпнұсқалығы туралы ақпарат көбінесе көрсетілмейді.
Осыған байланысты сауда және интеграция министрлігіне бірқатар тапсырма берілді. Премьер-министр Қазақстандағы бүкіл сауда қызметін, оның ішінде базарлар мен үй маңындағы шағын дүкендердің қызметін цифрландыру бойынша нақты шаралар әзірлеу міндетін қойды. Әділет және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, электрондық саудадағы тұтынушылар құқықтарын қорғау деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар әзірлеу қажет. Олжас Бектенов ақпан айының соңына дейін тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Данаш Хамза