2029 жылға дейін Қазақстанда жыл сайын 10 мың орындық студенттік жатақхана тапсырылуы тиіс. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Қазіргі таңда тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Былтырғы қорытынды да шығарылды. Өткен жылы елімізде 11 096 орын пайдалануға беріліпті. Соның бір бөлігі біздің облысымызға тиесілі. Өзіміз жақсы білетіндей, былтыр Петропавлда Қозыбаев университетіне қарасты қос ғимарат есігін айқара ашты.
МАНСҰР ӘЛІМХАНОВ, Қозыбаев университетінің Басқарма мүшесі:
– Жатақханада ас ішетін орындар, спортпен айналысатын залдар бар. Бөлмелерге жаңа жиһаз қойылған. Біз студенттерге тиісті жағдай жасап отырмыз.
Қос жатақхананың жалпы сыйымдылық көрсеткіші 1 200 адамды құрайды. Жаңа студенттер үйінің тапсырылуымен көпті алаңдатқан өзекті мәселе шешімін тапты. Енді Петропавлға білім қуып келген жастар тұратын жер іздемейді. Жұмысқа шақырылған оқытушыларға да тиісті жағдай жасалып жатыр. Оларға пәтер ұсынылады.
МАНСҰР ӘЛІМХАНОВ, Қозыбаев университетінің Басқарма мүшесі:
– Екінші жатақханамыз 156 орынға арналған. Сонымен қатар, шақырылған профессорлар үшін 25 пәтеріміз бар.
“Петропавл елдің шетінде, студенттер мен оқытушылар шалғайдан келмейді” деген түсініктен арылатын күн жетті. Бүгінде Қозыбаев университетінің қабырғасында шетелдік мамандар жұмыс істеп жүр. Андреа Зуколло – биоинформатика және геномика саласындағы тәжірибелі зерттеуші ғалым және оқытушы. Италиялық ұстаз 3 жыл бойы Аризона университетімен бірлесе қолға алынған бағдарлама аясында сабақ береді.
АНДРЕА ЗУКОЛЛО, профессор, Италия:
– Петропавлға Сауд Арабиясынан келдім. Сол жақтағы университеттердің бірінде жемісті жұмыс істедім. Оның алдында италиялық білім ордасында және Аризона университетінде тер төктім. Біраз жетістікке жеттім. Жинақтаған мол тәжірибемді қазақстандық студенттердің бойына сіңіргім келеді. Менің бағытым – өсімдік шаруашылығы. Осы салада маман даярласам деймін. Өңірлеріңізде астық молынан өсіріледі, істі бес саусақтай білетін мамандар аса қажет.
Қазіргі таңда Қозыбаев университетінде 6 мыңға жуық студент оқиды. Басшылықтың басты мақсаты – көрсеткішті ұлғайту. Жоспар бойынша алдағы 3 жылда білім алушылардың санын 10 мыңға жақындату керек. Айтпақшы, биыл шәкіртақы өседі.
МАНСҰР ӘЛІМХАНОВ, Қозыбаев университетінің Басқарма мүшесі:
– Қазіргі таңда студенттеріміздің орташа шәкіртақысы 47 мың теңгеге жақындайды. Алғашқы қыркүйектен бастап оның көлемі 57 мыңға дейін өседі.
Бүгінде магистранттар 107 мың теңге алса, қыркүйектен бастап шоттарына 117 мың аударылады. Ал докторанттарға 22 мың қосылып, шәкіртақылары 262 мыңға жетеді.
Байболат Құлтанов