Егістіктерді шегірткеге қарсы өңдеуге арналған техниканың саны 2 есеге артты. Сонымен қатар жерүсті бүріккіш техникасы мен ҰҰА-ны (дрондар) сатып алу және пайдалану қолжетімділігін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы өндірушілері мен химиялық өңдеу жөніндегі қызметтерді ұсынушыларға сатып алынған техника құнының 25%-ы өтеледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің инвестициялық субсидиялау ережелеріне тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл туралы премьер-министрдің ресми-ақпараттық ресурсында жазылды. 2024 жылы елімізде химиялық өңдеу үшін 247 бірлік техника пайдаланылған болса, биыл 443-ке дейін ұлғаймақ. Оның ішінде 46 агродрон бар, оларды Ауыл шаруашылығы министрлігі «Фитосанитарияның» аймақтық бөлімшелеріне сатып алған. Сондай-ақ, 7 зерттеу ҰҰА алынған. Отырыста аймақтардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы қаралды. 2024 жылғы 29 қарашада басталған ерте қаржыландыру аясында бөлінген 100 млрд теңгенің 70 млрд теңгесі 671 ауыл шаруашылығы өндірушісіне бағытталды. Бұл қаржыны ең белсенді пайдаланған өңірлердің арасында Солтүстік Қазақстан облысы да бар. Республикада көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы қазіргі таңда шамамен 56%-ды құрайды. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин
егістік алаңдарының құрылымын қайта қарауды, атап айтқанда, бидай егу алқаптарын қысқартып, майлы дақылдар мен басқа да жоғары тиімділігі бар дақылдарды көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, өткен жылы ең жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық селекцияның элиталық тұқымдарын егу алаңдарын барынша ұлғайту қажеттігін айтты.