ЭкологияҚоғам

Айыппұл төлемес үшін шыршаны уақытында шығарыңыз

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Жаңа жылдың 13 күнін де артқа тастадық. Мереке қарсаңында асқан құлшыныспен безендірген шыршалар қазір жер-жерде жиналып жатыр. Мынандай жасандыны үйде қалдыратынымыз түсінікті. Ал тамырынан қиылған табиғи жасыл желекті не істейміз? Әрине, қоқысқа тастаймыз. Осы орайда петропавлдықтарға маңызды хабарландыруымыз бар.

Қаңтардың 15-і мен 25-і аралығында петропавлдықтар желтоқсанның соңында жаппай сатып алған шыршалар шаһар сыртына шығарылады. Істі арнайы ұйымдар тындырады. Тұрғындар тек қалалық әкімдік өкілдерінің бұйымтайын орындаса болғаны.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қала тұрғындарынан шыршаларды қоқыс жәшіктерінің маңына шығаруды сұраймыз. Жәшіктердің ішіне салмау қажет. Жұмыстар аталған күндер аралығында ғана жүргізіледі. Ал 25-ші қаңтардан кейін шырша шығарғандарға әкімшілік жаза қолданылады.

Әкімшілік жаза дегеніміз – ескерту және айыппұл. Егер тұлға мерекелік шыршаны рұқсат етілмеген жерге қалдырса, айыбы үшін мемлекетке 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша аударады. Түсінікті тілмен айтсақ, 78 640 теңгені қалтасынан шығарады.

 

Байболат Құлтанов