Білім

Әліппемен қоштасу

Мектеп табалдырығын аттаған бала ең алдымен әліппені қолға алады. 42 әріп, 37 дыбысты таныған балақай енді ертегі-әңгімелерді өзі оқи алады.
Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейің 1-сынып оқушылары үшін бүгін балалар кітапханасында Әліппемен қоштасу кеші ұйымдастырылды.

ГҮЛИЯ ЕРЕЖЕПОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі:

– Біз әліппемен қоштасу іс-шарасын жылда өткізіп тұрамыз. Балалар мектеп қабырғасында да қоштасады. Кейін тағы бір мәрте бізге келеді. Басты мақсатымыз – кітапхананы таныстыру, олардың кітапқа деген құштарлықтарын арттыру. Бірінші шарамыз 10-шы қаңтар күні басталған еді. Оқушылардың сынып жетекшілері немесе оқу ісінің меңгерушісі хабарласады. Кейін біз олардың өтініштерін қабылдаймыз.

Кітапханашылар Әліппемен қоштасу кешін қызықты қылып ұйымдастырған. Ертегі кейіпкерлері де осында жүр. Балалар қойылымға қатысты, сұрақтарға жауап берді. Сұрақтың бәрі әліппе әлеміне қатысты.

– Бізге Мыстан кемпір келіп сұрақ қойды. Өзі де қызық, сұрағы да тартымды болды. Тағы бір қуантатыны, жаңа кітаптармен таныстым.

– Біз әріптерден сөз-сөйлем құрадық. Бәрін сәтті орындадық. Тапсырмалар қызықты болды.

Кітапханашылардың айтуынша, Әліппемен қоштасу шарасы әрі кішкентай оқырмандарды тартуға ықпал етеді. Кітапхананың 16 мыңнан астам тұрақты оқырманы болса, оның 3 мыңға жуығы бастауыш сынып оқушылары екен.

 

Мәдина Қаби