Көлік медицинасы – тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың қарқынды дамып келе жатқан бағыты. Еліміздің шалғай аудандарының тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында жылжымалы медициналық кешендер де белсенді жұмыс істеуде. 2024 жылы 3072 елді мекеннің 1,2 млн тұрғыны «дөңгелектегі емханалардың» көмегімен дәрігерлердің консультациялары мен диагностикалық ем-шараларға қол жеткізді. Жылжымалы кешендердің көмегімен бейінді мамандар 1,2 млн консультация, 656 мың диагностикалық, 333 мың зертханалық зерттеу жүргізді.
Нәтижесінде әртүрлі ауруы бар 95 мың пациент анықталды, оның 78,3%-ы – ересектер, 21,7%-ы – балалар. Кәсіптік тексеру қорытындысы бойынша 33,7 мың ауыл тұрғыны диспансерлік бақылауға алынды. Өткен жылы «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 128 станцияның 104 мың тұрғынын, оның ішінде 21 000 баланы қамтыды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Медициналық пойыз мамандары барлығы – 240 мың медициналық қызмет көрсеткен.