Мәдениет

Петропавлда “Толғауы терең Тоқсан би” атты кітаптың тұсауы кесілді

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жазушы Айтбай Сәулебектің “Толғауы терең Тоқсан би” атты кітабының тұсауы кесілді.

Құнды дүниеде аты айтып тұрғандай толығымен Тоқсан би туралы жазылған. Мұнда бидің өмірі, атқарған қызметі, ерен еңбегі басынан аяғына дейін қамтылған. Туындыны жарыққа шағыру үшін де біраз тер төгіліпті. Автор бір жыл бойы Ресей қалаларына барып, тарихи тұлға туралы мәлімет іздестіріп, жинаған.

АЙТБАЙ СӘУЛЕБЕК, жазушы, кітаптың авторы:

– Тоқсан би қазақтың мықты билерінің бірі болған. Әйтеке би, Төле би, Қазыбек билерден ешқай жері кем болмаған. Тіпті, Сегіз сері өз өлеңінде “Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол” деп те айтып кеткен. Ол кісі 1730-40-шы жылдары туған. Бірақ, нақты дерек жоқ. 100 жылдай өмір сүрген. Менің зерттеуім бойынша Қорған облысында туылған.

Бұл Айтбай Сәулебектің жарық көрген 25-ші кітабы екен. Оның ішіндегі 5-еуінің тұсауы біздің өңірімізде кесілген.

АЙТБАЙ СӘУЛЕБЕК, жазушы, кітаптың авторы:

– Жасыратыны жоқ, солтүстік өңірдің басшыларынан кітап шығару қажет деген тапсырыс түсті. Үш жылдың ішінде Солтүстік Қазақстанда 5 кітап шығардым.

Іс-шараға Тоқсан бидің ұрпақтары да қатысты. Бақыт Қайнет Тоқсан бидің 5-ші ұрпағы болып келеді. Тікелей болмаса да ағасынан тараған ұрпағы. Ол бала кезінде Тоқсан би туралы аға буын өкілдерінен естіген әңгімелерімен бөлісті.

БАҚЫТ ҚАЙНЕТ, Тоқсан бидің 5-ші ұрпағы:

– Оның ағасы Сексен батырдан тарағанбыз. Екеуі туған ағайынды болған. Оның бірінші кітабын оқып шықтым.

Жалпы, кітаптың мыңнан астам данасы бастырылды. Сиясы кеппеген туынды өңір кітапханаларына таратылады. Кейін басқа өңірлерге де жіберіледі.

 

Мәдина Қаби