Спорт

“Қуаныш” ВК жанкүйерлерді қуантты

Петропавлда волейболдан әйелдер арасындағы Ұлттық лиганың үшінші туры бастау алды. Алғашқы ойын күнін петропавлдық “Қуаныш” пен Ақтөбеден ат терлетіп жеткен “Ақтөбе” клубының қыздары қорытындылады.

Жергілікті клуб қыздарының ойынын тамашалауға бірсыпыра жанкүйер жиылды. Олардың бар қалауы – жеңіске жету.

– Командалық ойынды көріп отырмыз. Жеңеді деп ойлаймын.
– Всем, конечно, хорошей игры, меньше травм, красивой игры и удовольствия от игры всем болельщикам.

“Қуаныш” қыздары ойын бастала сала мінез танытты. Алаңдағы түсіністік те жоғары деңгейде болды. Соның нәтижесінде ақтөбелік аруларды бірінші кезеңде 25 те 20 есебімен жеңді.

АЗАМАТ ЕСІМОВ, “Қуаныш” ВК бас бапкері:

– Қыздардың ойынына көңілім толды. Әзірге тапсырманы орындап жатыр. Клубтағы бірнеше ойыншы жарақат алып қалды. Қазір емделіп жатыр. Біздің бар ойымыз – келесі плей-офф пен финалдық кезеңде сәтті өнер көрсету. Әлі пысықтайтын тұстар бар.

Ақтөбелік қыздар қалған кезеңдерде де айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Олар 14 және 9 доп айырмасымен ойсырай ұтылды. Нәтижесінде петропавлдық клубтың қоржынына бағалы ұпайлар түсті.

ЮЛИЯ ДЫМАР, “Қуаныш” ВК капитаны:

– Бізде Петропавлда өтетін турды асыға күттік. Өзіміздің алаңда ойнап, жанкүйерлерді қуанаттық. Барлығы жоспарлағанымыздай болды. Енді осы қарқыннан таймау қажетпіз. Сонда ғана чемпионат соңында жоғарыдан көрінеміз.

Қоса кетейік, Ұлттық лиганың үшінші туры қаңтардың 20-сы күні мәресіне жетеді.

 

Байболат Құлтанов