Мәдениет

“Қарлығаш” би ансамблі Мәскеуден жеңіспен оралды

Жерлес бишілеріміз жарады. Ресейден Петропавлға “Қарлығаш” би ансамблінің бишілері Гран-примен оралды. Оларды туысқандары мен жақындары темір жол вокзалынан қарсы алып, құрмет көрсетті.

Ұл-қыздар қатысқан халықаралық “Московское время” байқауы Мәскеу қаласында қаңтардың 8-і мен 10-ы аралығында өтті. Петропавлдық бишілер сахна төрінде 4 нөмір ұсынған. Галина Жумалеева топқа жарты ғасырдан астам жетекшілік етіп келеді. Одан бөлек хореографтар Виктория Тихонкова мен Кристина Плохенко да бар.

ГАЛИНА ЖУМАЛЕЕВА, “Қарлығаш” би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Біз екі номинация бойынша өнер көрсеттік: “Атамекен” ұлттық биі мен қытайдың “Жасмин” биі. Екеуінен де гран-при алдық. Қазылар алқасының біздің өнерімізге тәнті болғаны соншалық, өте жоғары бағаларын беріп, мақтау сөздерін аяған жоқ. Ал эстрадалық би бойынша 1-ші орын алдық. Бұл да зор нәтиже. Негізі, біз ұлттық би ғана билейміз деп ойлағанбыз, мүмкіндік туып тұрғаннан кейін эстрадалық биді де паш еттік. Біздің топтың атынан 23 адам барды. Оның 7-еуі – ұл бала. Барлығы мұндай жарысқа бірінші рет қатысып отыр.

АВРОРА ВОРОБЬЁВА, “Қарлығаш” би ансамблінің мүшесі:

– Біз үшін ерекше сапар болды. Өте жақсы өнер көрсеттік деп мақтанышпен айта аламын. Бимен айналысқаныма бірнеше жыл болып қалды.

ИБРАГИМ ЗАЙНУТДИНОВ, “Қарлығаш” би ансамблінің мүшесі:

– Ұйымдастырушылар бізді жақсы қарсы алды. Түрлі экскурсия өткізілді. Қалың көрермен алдында өнер көрсету оңай болмады. Қатты қобалжыдық. Еңбек ақталып, ел қоржынына алтын қосқанымызға шексіз қуаныштымын.

Өнерпаз ұл-қыздар бұнымен тоқтап қалмайды. Оларға Қазан қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама берілді. “Қарлығаш” өнерпаздары өңір намысын көктемде Татарстан жерінде қорғайды.

 

Мәдина Қаби