Спорт

Жас боксшылардың халықаралық турнирдегі жетістігі

Қаңтардың 6-сы мен 8-і аралығында Астана қаласында Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 130 жылдығына орай бокстан халықаралық турнир өтті. Оған теріскей өңірінен Александр Винокуров спорт сарайындағы бокс үйірмесіне барып жүрген 9 жеткіншек қатысты. Оның үшеуі бірінші орын алып, жеңімпаз атанды. Бұл – Виктор Свинченконың алғашқы жарысы екен. 27 келі салмақта сынға түскен жас боксшы үшін мақтауға тұрарлық жетістік.

ВИКТОР СВИНЧЕНКО, жас боксшы:

– Бірінші жарысым болғандықтан, шынын айтқанда, өзімнен мұндай нәтиже күткен жоқпын. Қарсыластарым мықты болды. Жеңу оңайға соқпады. Біраз күшімді сарп еттім, намысты қолдан бермей жеңіске жеткеніме шексіз қуаныштымын.

Ал Батырхан Ерлан 38 келі салмақ дәрежесі бойынша 2-ші орынға ие болды. 10 жастағы жеткіншек үшін де бұл бірінші жарысы. Жас боксшы турнирде оңай болмағандығын айтады. Қарсыластар жақсы дайындалып келген. “Осы жолы екіншіні қанағат тұтсам, келесі жолы тұғырдың бірінші сатысын бағындырам дейді”,- келешегінен зор үміт күттірер Батырхан.

БАТЫРХАН ЕРЛАН, жас боксшы:

– Мен рингке үш рет шықтым. Қырғызстандық және алматылық боксшыларды жеңдім, ал үшіншісінде ұтылып қалдым.

Дүбірлі додаға елдің түрлі өңірінен 400-ге жуық спортшы қатысқан. Турнирге қатысқан боксшы саны көп. Соның ішінен мақтауға тұрарлық жетістікке жеткен жас боксшыларымыздың талабы мен бапкерлерінің тәжірибесінің жоғарылығын байқауға болады.

ДЕНИС ЯЗЫКОВ, А.Винокуров спорт сарайындағы бокс үйірмесінің жаттықтырушысы:

– Төккен тер ақталды. Шәкірттерімді мақтан тұтамын. Бұл олардың спорттық додалардағы алғашқы қадамы ғана. Алда әлі бағындырар белестері көп. Үнемі үздіктер қатарынан көрінетініне сенімдімін. Үйірмеде 18 жасқа дейінгі 200-жуық жуық спортшы бокспен айналысады.

Білікті бапкердің айтуынша, жастардың бокспен айналысуға деген қызығушылықтары жылдан-жылға артып келеді.

 

Мәдина Қаби