Білікті оқытушы, сенімді дос, сүйікті ана мен әже. Бұның барлығы Вера Яворская жайлы айтылған. Ол жарты ғасыр бойы жергілікті университет қабырғасында “География және экология” кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеген. Енді бүгін еңбегі орасан зор жанның құрметіне білім ордасының 2-ші корпусынан оның атымен аталатын аудитория ашылды. Қызыл лентаны өзінің қызы Ольга Михайлова кесті.
Қызы “Анам өз елінің патриоты еді” деп есіне алды. Ол өмірден өткенше дейін қазақ елінің тарихын жастарға үйретумен болған.
ОЛЬГА МИХАЙЛОВА, Вера Яворскаяның қызы, Краснояр негізгі мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
– Анам жайлы айтатын болсам, ол жеті қырлы бір сырлы адам еді. Бүкіл әлемді аралап шыққан саяхатшы дер едім. Одан бөлек барлық мұражай, саяхатшылармен, суретшілермен, альпинистермен байланыста болды. Отбасы десе жанын беретін, бізді ерекше сүйген ана, әже болды. Әкемізбен бірге екі бала тәрбиелеп өсірді. Анамның төрт немересі, бес шөбересі бар.
Ерекше жанды еске алуға оның жақындары, таныстары, алдынан оқыған шәкірттері жиылды. Кабинет жайлы айтатын болсақ, іші Вера Яворскаяның суретіне толып тұр. Қабырғада оның туған елге деп арнаған авторлық өлеңдері, грамоталары, айтып кеткен көркем сөздері ілінген.
СЕРГЕЙ ПАШКОВ, Қозыбаев университеті “Математика және жаратылыстану ғылымдары” факультетінің деканы:
– Бұл аудитория біз үшін өте құнды болмақ. Вера Яворскаяның өмірін, қызметін студенттеріміз білсе, үнемі еске алып жүрсе, нұр үстіне нұр болары анық. Өлкетанушы бәріміздің жүрегімізден орын алды. Әр жұмысы жоғары бағаға лайықты. Оның еңбегін ұмытпау, жастарға айту – міндетіміз.
Вера Яровская тіпті зейнетке шықса да ғылыми еңбектермен айналысуын тоқтатпаған. Ол 10 шақты мақала мен оқулықтарды жарыққа шығарған. Қазіргі таңда оны көптеген оқытушылар сабақ беру барысында қолданып жүр.
Мәдина Қаби