Құқық қорғау органдары

Петропавлда тұрғынды қарумен қорқытып, ақша бопсалаған бұзақылар жазаларын өтеп жатыр

42 жастағы қала тұрғынын қорқытып, 1 миллион теңге ақша бопсалаған үш петропавлдыққа шығарылған үкім 8 қаңтар күні заңды күшіне енді. Бұл туралы Polisia.kz сайтында жазылды. Аталған қылмысты облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өткен жылдың көктемінде, өңірде табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланған кезеңде әшкереледі. Полиция қызметкерлері 29 жастағы екі петропавлдықты және бұрын бұзақылық пен тонау қылмысы үшін істі болған 31 жастағы бұзақыны ұстады. Қылмыскерлер жәбірленуші ер адамнан ақшаны ең бірінші рет наурыз айында талап еткен. Сол кезде оны соққыға жыққан. Кейін сәуір айында жәбірленушінің автокөлігін дөңгелек жинақтау пунктінде байқап қалып, тағы да ақша талап ете бастаған. Ер адам қаша жөнелгенде соңынан қуып, қылмыскерлердің бірі оған газды тапаншадан бірнеше рет оқ атқан. Сот шешімімен үшеуі де қару қолдану арқылы қорқытып алу және бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

 

Данаш Хамза