ТЖ

Петропавлда “Рахат” сауда үйі жанып кетті

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Бүгін таңғы 5-тер шамасында Петропавлдағы “Рахат” сауда үйінде ірі өрт болды. Тіпті, ғимараттың жартысынан астамы жанып кеткен. Үстіндегі көпқабатты үйлерге де зақым келді.

Қазақстан Конституциясы көшесі бойында орналасқан нысанның түгі қалмады.
Өрт туралы хабар таңғы сағат 4:50-де түскен, өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минуттың ішінде жеткен. Мамандар тілсіз жаумен 4 сағат бойы алысқан. Қызыл жалын сағат 7-ден 42 кеткенде оқшауланды, сағат 9-дан 20 минут кеткенде сөндірілген.

НҰРЛАН НҰҚЫШЕВ, СҚО ТЖД бастығының бірінші орынбасары:

– Нысанның артындағы 9 қабатты үйден 68 адам эвакуацияланды. Оның 18-і – бала. Өрттің шығу себебін әлі анықтап жатырмыз. Өрт басталған кезде жұмыс орнында ешкім болмаған. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге 64 адам, 18 техника жұмылдырылды. Тілсіз жау 314 шаршы метр жерді жалмады.

Тұрғын үйдің 3-ші және 4-ші қабатындағы 7 пәтерге зақым келген. Оның 3-еуіне от тиген, әйнектері сынған, ал қалғанын түтін басыпты.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары:

– Зардап шеккен адамдарға жергілікті атқарушы орган өкілдері көмектесуде. Жағдайларын қарастырып, кейін шешім қабылданады.

Айта кету қажет, өткен жылы сәуір айында сауда үйіне тексеріс жүргізілгенде бақандай 16 ақаулық анықталған екен. Оның ішінде сымдардың дұрыс жалғанбауы сияқты жайттар жиі кездескен. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша өрттің шығу себебі сымның қысқа тұйықталуы болуы мүмкін. Жалпы, облыста жыл басынан бері 18 өрт тіркелген.

 

Мәдина Қаби