Ауыл шаруашылығы

Өңірге жұмыс сапарымен Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин келді

Өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Аян Зейнуллин келді. Ол ең алдымен Есіл ауданының орталығы Явленка ауылындағы ветеринарлық станцияда болды. Мұнда биылғы жоспар талқыланды. Атап айтқанда, алдағы ауыл шаруашылығы жануарларының санағы туралы айтылды.

Бүгінде аудан аумағында ветеринарлар жұмыс істейтін 16 ауылдық округ бар. Қуантарлық жайт, соңғы 4 жыл ішінде Есілде жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың таралуы тіркелген жоқ. Осыдан кейін Аян Талғатұлы Покровка ауылында орналасқан Жәлел Қизатов атындағы Жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің қызметкерлерімен және кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Жиын сұрақ-жауап форматында өтті.

ҚАЙЫРБЕК ҚОЖАСОВ, кәсіпкер, Есіл ауданы:

– Ауылда халық мал ұстап отыр. Мал өнімдерін өткізу өте қиын. Іске делдалдар араласып, табысты азайтып тұр.

АЯН ЗЕЙНУЛЛИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл мәселеге қатысты Президент нақты тапсырма жүктеді. Біз өнімдерді терең өңдеуге басымдық беру қажетпіз. Етті, сүтті, астықты. Бұлардың барлығы пайдаға асуы тиіс. Бұған біртіндеп келе жатырмыз. Ал делдалдарға келсек, олар бұрыннан бар. Әлі де болады. Мәселені шешу үшін жер-жерде кәсіпорындар ашылуы қажет.

Аян Зейнуллин – «Ауыл» партиясы атынан сайланған депутат. Міндеті – ауылдықтардың мәселесіне құлақ түру. Азамат жиында көтерілген тың проблемаларды қағазға түртіп алып, жоғары жаққа жеткізетінін айтты. Тілдесу барысында салаға жағымды жаңашылдық әкелу жоспарланып отырғанын жеткізді.

АЯН ЗЕЙНУЛЛИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазіргі таңда біздің аграрлық сала үшін мұндай колледждер аса қажет. Ауыл шаруашылығында кадр тапшылығы сезіледі. Осындай білім ұяларын қолдау керек. Барынша қолғабыс жасау үшін Ғылым және жоғары білім министрлігіне нақты ұсыныстар жолдаймыз. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты агросекторға өзгеріс әкелгіміз келеді. Осы салада 20-25 жылдан астам еңбек еткен мамандарға құрмет көрсету ойда бар. Қазір тиісті ұсыныс әзірленіп жатыр.

Сапар соңында мәжілісмен колледждің материалдық-техникалық базасына және оқытушылар құрамының жұмысына оң баға берді. Сонымен қатар, депутат Есіл ауданында орналасқан оқу ұясының әлі де еліміздің дамуына үлес қосар мамандар даярлайтынына сенім білдірді.

 

Байболат Құлтанов