Өңірде «Бір ел – бір кітап» акциясы бастау алды. Тұтас Қазақстанды қамтитын кезекті шара әдебиетіміздегі үздік туындыларды оқуға, насихаттауға және балаларды тәрбиелеуге негізделген. Былтыр дүйім жұрт кішкентай оқырмандардың сүйікті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” повесін оқыды. Ал биыл қос тұлға таңдалыпты.
ГҮЛНҰР БЕКІШ, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы:
– Осы жылы шоқтығы биік жазушы Тәкен Әлімқұловтың және көрнекті ақын, Гимннің авторы Жұмекен Нәжімеденовтың шығармаларын оқу ұсынылды. Осыған байланысты кітапханамызда кітап көрмесін ұйымдастырдық.
Жұмекен Нәжімеденов Атырау өңірінің тумасы болса, Тәкен Әлімқұловтың кіндік қаны Түркістан облысында тамды. Екеуі де қазақ әдебиетінде есімдерін алтын әріппен жазды. Ұрпаққа мұра болған ауқымды еңбек қалдырды. Енді сол туындылар жастарға жол тартпақ.
ГҮЛНҰР БЕКІШ, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы:
– Акция аясында 2 тұлғаны қарқынды түрде насихаттаймыз. Түрлі байқаулар өткіземіз. Осы жұмыстың арқасында балалардың оқуға деген ынтасы, ана тілімізге деген құрметі артады деген ойдамын.
Бүгін кітапханада алғашқы қонақтар болып, көрмемен танысты. Олар Жұмекен Нәжімеденовтей бірегей тұлға сөзін жазған Әнұранымызды шырқады.
Байболат Құлтанов