Облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесіне сайлауға қатысуға кандидаттардан өтінім қабылдау аяқталды. Желтоқсанның 10-ы мен 24-і аралығында аудандық және салалық кеңес өкілдерінен 30-дан астам өтінім келіп түскен. Тиісті рәсімдердің сақталуын мәслихат депутаттары, партия өкілдері мен кәсіпкерлерден құралған өңірлік сайлау комиссиясы қадағалады. Еске сала кетейік, облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесіне сайлау қаңтардың 20-сы мен 22-сі аралығында өтеді. Бекітілген ережелерге сәйкес, делегаттарды сайлау тікелей дауыс беру негізінде өткізіледі және кеңестің жаңа құрамына 24 кәсіпкер кіреді.
ЕСЖАН ОРАЗАЛИН, СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры:
– Қазіргі уақытта аудандық және салалық кеңестер өкілдерінен 32 өтінім қалыптастырылды. Естеріңізге сала кетейік, өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанында 13 аудандық және 8 салалық кеңес жұмыс істейді. Келіп түскен барлық өтінімдерді өңірлік сайлау комиссиясы қарайтын болады және кандидаттардың құжаттарын тексеру және комплаенс-бақылау үшін ҰКП жанындағы Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Осыдан кейін кандидаттарды тіркеу туралы шешім қабылданады.
Данаш Хамза