Мәдениет

10 қаңтар – Ілияс Есенберлиннің туған күні

Бүгін ақын, жазушы, драматург Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толды. Атақты “Көшпенділер” трилогиясын жазып, қазақтың кім екенін танытқан тұлғаның мерейтойына орай С.Мұқанов атындағы кітапханада “Тарихтың көркем суреткері” атты әдеби кеш өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, журналистер мен қоғам белсенділері қатысты.

РОЗА ШӘКЕНОВА, «AMANAT” партиясы СҚОФ қызметкері:

– Қазір Ілияс Есенберлинді көбісі ұмытып бара жатқан сияқты. Осы шараға спикерлер іздегенде “Аса белгілі жазушы емес қой” деген сынды пікірлер айтылды. Сондықтан, осындай шараларды көбірек өткізу керек деген ойдамыз. Негізі, ол – тарихи шығармалардың дамуына өз үлесін қосқан жандардың бірі.

Оқырман жүрегінен ойып тұрып орын алған қара сөздің хас шебері 1915 жылы қазіргі Ақмола облысында дүниеге келген. Тау-кен және металлургия институтын аяқтаған. Жазушының алғашқы шығармалары баспасөз бетінде 40-шы жылдары жарық көрді. Балалар үйінде тәрбиеленген Ілияс Есенберлиннің бұл жетістікке жету жолы оңайға соқпаған.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, журналист:

– Бұл кісі өмірдің ащы ауыртпалығын көрді. Соғысқа қатысқан. Соғыстан жараланып келген.

Азаматтың ақындық қасиеті бір төбе болған. Ол 10-ға жуық дастан жазған. Сонымен қатар, өткір тақырыптар саналған тарихи трагедияларға, соғысқа қазақтардың қатысуына, жазушылардың тағдырына да тоқталған. Жиында бірнеше адам сөз алып, ойын ортаға салды.

КҮЛӘЙХАН РАХМЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Ол кісінің еңбектері қазіргі уақытта теледидардан көрсетіліп жатқан “Көшпенділер”, “Алтын орда” сияқты телесериалдармен де толықтырылып отыр. Бұл мерейтой қазақтың әрбір жерінде тойлануы қажет деп ойлаймын. Мен Іляс Есенберлиннің ұлтқа қосқан еңбегі мен шығармашылығы жайлы тақырыпты алдым. Оған бір-екі апта көлемінде дайындалдым.

Әдеби кеште біртуар азаматтың көзін көргендер де болды. Олар ескірмес естеліктерін баян етті.

 

Мәдина Қаби