Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешімді Қасым-Жомарт Тоқаев бекерден-бекер қабылдамағаны анық. Елімізге кеңседен бөлек жерде де тер төгетін жандар керек. Сондай топтың бір бөлігін Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжі даярлап жатыр. Биыл білім ұясында айтулы оқиға орын алмақ.
АРМАН ТЕМІРТАС, Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің оқытушысы:
– Біз дәнекерлеу ісі бойынша маман дайындаймыз. Биыл алғашқы түлектер диплом алады. Студенттеріміз 2-3 курстарда өндірістік тәжірибені зауыттарда өтеді. Сонда 150 мың теңгеге дейін жалақы алады.
Шәкіртақы, жалақы, диплом және өзін жақсы қырынан көрсеткендерге жұмыс та ұсынылады. Мемлекет тарапынан бар жағдай жасалды. Тек жастардың бойында ынта мен мамандыққа деген сүйіспеншілік болса болғаны. Василий Шабанов – білім алсам, жоғары жетістікке жетсем деген студенттің бірі. Қатарының алды саналатын бозбала өткен жылы колледждің атын шығарды.
ВАСИЛИЙ ШАБАНОВ, Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенті:
– “Кеңбейінді станокшы” мамандығына оқып жатырмын. Біз заманауи білдектердің көмегімен түрлі дүние жасаймыз. Мысалы, мен көлік шамын әзірледім. Оның бір бөлігін алюминийден әзірлесем, екінші жартысы қоладан дайындалды. Туындыммен WorldSkills байқауының республикалық кезеңіне қатыстым. Астанада асығым алшысынан түсіп, бірінші орын иелендім.
Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде 10-нан астам мамандық түрі бар. Басым бөлігі – жұмысшы мамандықтар. Олардың барлығы қоғамға керек.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Үйімізде жарыққа қатысты мәселе туындаса, бірден электрик шақырамыз. Біздің қоғамда бұл мамандар жоғары сұранысқа ие. Ал Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде дәл осы мамандық иелері даярланады. Менің артымда арнайы жүйе тұр. Автоматты немесе өзге де жабдықтарды үйде, зауыттарда және басқа да жерлерде кездестіріп жатамыз. Осыларды студенттер жинайды, қолдарын машықтандырады.
Мемлекеттің мақсаты – жұмысшы мамандықтарға тартылатын жастардың санын арттыру. Міндет аса маңызды. Ойлағанды жүзеге асыру үшін білім басқармасы жоспар құрыпты.
ДИНАРА АНАФИНА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
– Жоспар әзірленді, соған сәйкес 47 іс-шара өткізіледі. Біз 7 мен 11-ші сынып аралығындағы оқушыларға кәсіптік бағдар бермекпіз. Волонтерлер іске тартылады. Олар жұмысшы мамандықтарды дәріптеп, жастармен кездеседі. Оқушыларға арналған экскурсиялар да болады. Оған жоғары сынып оқушылары жиі тартылады. Бұл өз жемісін береді деп ойлаймыз.
Жоспарға 10-шы және 11-ші сынып оқушыларын колледждерде оқыту да кіреді. Бұл жерде ниет танытушылар алдын ала анықталады. Сосын әр баланың қарым-қабілетіне байланысты қосымша білім беріледі.
ДИНАРА АНАФИНА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
– Біз осындай қадамды да жоспарлап қойдық. Колледж базасында білім алған, мамандықпен жақынырақ танысқан жастарға сертификат беріледі. Бұл қосымша серпін болмақ. Жоспардағы іс-шаралар қорытындысы бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмысшы мамандықтарын оқытуға қабылдау көрсеткіші 39%-дан 45%-ға дейін ұлғайуы тиіс.
Қоса кетейік, бүгінде өңірдегі 13 колледжде жұмысшы мамандар даярланады.
Байболат Құлтанов