2025 жылдың 3 қаңтар күні «Ана тілі» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарық көрді. Маңызды мәселелер көтерілген сұхбат бүгін Достық үйі қабырғасында жан-жақты талқыланды. Депутаттар, этномәдени орталықтардың өкілдері мен белсенділер білген-түйгендерін ортаға салды. Ассамблеяның соңғы сессиясында бірсыпыра ұсыныс айтылғаны көпке аян. Соған сәйкес 13 пунктен тұратын арнайы жоба әзірленіпті. Қатысушылар осыған жіті назар аударды.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, облыстық мәслихат депутаты:
– Соның біріншісі “Ассамблея. Парламент. Мәслихат” деп аталады. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен заң шығарушы орган арасындағы байланысты жетілдіруге көп көңіл бөлінбек. Бұл ретте облыстық және қалалық мәслихаттың жанынан ҚХА тобы құрылды.
Халық қалаулыларының алдында ауқымды жұмыс тұр. Олар арнайы жоба аясындағы басымдықтар бойынша кездесулер өткізеді, ұсыныс-тілектерді тыңдайды. Депутаттар әр адамның тілегі мен өтінішін тыңдауға, көмек қолын созуға даяр.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, облыстық мәслихат депутаты:
– Ұлтаралық қатынас, этносаралық мәселелер, мемлекеттік тілді дамыту, медиация. Мәселелер баршылық. Соларды шешуге ат салысамыз.
Болашақ – жастардың қолында екенін ескерсек, білім саласын ұмыт қалдырмау маңызды. Балаларды патриот қылып тәрбиелеу тағы бар. Осы екеуі ұштасса, елдің дамуына үлес қосатын тұлға қалыптасары айдан анық. Білікті ұстаз, қалалық мәслихат депутаты Ләззат Жалмұқанова ата-аналар, мұғалімдер ұл-қыздардың оқуына, тәрбиесіне баса назар аудару қажет деп санайды.
ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, қалалық мәслихат депутаты:
– Президент “білімге инвестиция құю керек” дейді. Осыны ата-аналарға жиі айтамын.
Жақын арада Достық үйіндегідей жиын өзге де жерлерде ұйымдастырылмақ. Оларға арнайы топқа енген депутаттар қатысады.
Байболат Құлтанов