Қоғам

Еріктілер 84 жастағы жалғызбасты кейуанаға көмектесті

Тамара Филиппенко – жалғызбасты зейнеткер. Оның “Жас өркен” ауданындағы жер үйде тұрып жатқанына 24 жылдай болған. Жасы болса 90-ға таяп қалыпты. Өзін тың ұстауға тырысады, дегенмен үйдің тірлігін түгел бір өзі тындыра алмайды. Көмек қажет.
Осы ретте жиі көмек қолын созатындар – жастар. Тамара Федоровнаның жұбайы 10 жыл бұрын өмірден өткен. Жалғыз қызы Ресейде тұрады. Өзі кезінде отыз жыл бойы мұғалім болған екен.

ТАМАРА ФИЛИППЕНКО, қала тұрғыны:

– Волонтерлерге жиі хабарласып тұрамын. Телефондарын жатқа білемін. Жастар мейірімді. Уақыттарының тығыздығына қарамастан бетімді қақпай, келіп көмектесіп тұрады. Су тасудың қажеті жоқ, пеш жағамын. Соған отын кіргізу керек. Бір кіргізіп бергендері шамамен бір аптаға жетеді.

Аула кішкентай, қарға тез толып қалады. Толған сайын жиналған қар қалыңдай түседі. Уақытында тазалап отырмасаң тығыздалып, адамның жүруіне қиындық туғызады әрі көктемде айналаны су басады. Волонтерлер өздерімен бірге жалпақ күректерін ала келген екен. Есік алдын жарты сағаттың ішінде тып-типыл етті. Жастар қарияны жазда да жалғыз қалдырмайды. Дүкен мен дәріханаға барады, керек-жарағын әкеледі.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Қаңтардың 1-інен бері 7 ауланы тазаладық. Көмектескен үй иелерінің арасында мүмкіндігі шектеулі және жалғызбасты жандар бар. Біз оларға жәрдемдесуге әрқашан дайынбыз. Осы ретте өткен жылы 600 петропавлдыққа көмектестік. Облыста волонтерлердің көмегіне мұқтаж 2 жарым мың адам тұрады.

Волонтерлер Тамара Филиппенконың үйін тазалап болғаннан кейін бүгін тағы 2 үйге барып, қар тазалайды.

 

Мәдина Қаби