Білім

Пәндік олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

Үздіктер анықталды. Петропавлда жоғары сынып оқушылары арасында екі күн бойы пәндік олимпиада өткен болатын. Бүгін білім додасында оза шапқан оқушылар марапатталды.

Айым Қайырбек сонау Ақжар ауданының Талшық ауылынан келген. 11-сынып оқушысы олимпиаданың бірінші орын иегері атанды. Құқық негіздерін таңдаған білімді жас алдағы уақытта прокурор атанып, елге адал қызмет ететін білікті маман болғым келеді дейді.

АЙЫМ ҚАЙЫРБЕК, Талшық орта мектебінің 11-сынып оқушысы, Ақжар ауданы:

– Шынымды айтсам, олимпиадаға өзімді сынап көруге келдім. Осындай деңгейге жетемін деп ойлаған жоқпын. Бірінші орын алғаныма өте қатты қуаныштымын. Сайысқа біраз уақыт дайындалдым. Еңбек ақталды.

Ал петропавлдық Жасмин Шорман екінші орыннан көрінді. Қалалық Әлихан Бөкейхан атындағы 25-ші мектептің 11-сынып оқушысы “Қазақстан тарихы” пәнін таңдаған екен. Бұрымды өңір намысын республикалық білім додасында қорғайды.

ЖАСМИН ШОРМАН, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

– Олимпиада мен үшін қатты қиын болмады. Себебі, өзімнің арнайы дайындаған базам болған еді, мен сол арқылы дайындалып, осындай дәрежеге жетіп отырмын.

БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры:

– Олимпиада екі турдан болды және 15 жалпы білім беретін пәнді қамтыды. Биыл облыстық кезеңге шамамен 500 оқушы қатысты. Қатысушылардың жұмысын жергілікті университеттің оқытушылары мен профессорлары бағалады.

Қорытындылай кетсек, 500-ге жуық ұл-қыздың арасынан 182 жүлдегер анықталды. Оның 29-ы 1-ші орынға ие болды. 60-ы екінші орынды еншіледі. Оның ішінде белгілі бір дәрежелері бар. Қалғаны үшінші орынды қанағат тұтқан. Облыстық пәндік олимпиадада асығы алшысынан түскен 60-қа жуық оқушы наурыз айында өтетін республикалық сайысқа қатысады. Үміткерлердің арасында мұндай деңгейдегі олимпиадаға бірінші рет қатысатындары да, жылда білімін сынап жүрген тәжірибелі жастар да бар.

 

Мәдина Қаби