Қоғам

Халықты әлеуметтік қорғау

Биыл еліміздің халықты әлеуметтік қорғау саласында айтарлықтай өзгеріс орын алды. Мысалы, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақының барлық түрі мен базалық зейнетақы – 6,5%, ынтымақты зейнетақы 8,5% ұлғайтылды.

РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады. Мысалы, 2024 жылы зейнеткерлікке шыққан зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 159 292 теңгені құрады. Ал 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 174 231 теңгеге дейін ұлғайды. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

Баланың дүниеге келуіне байланысты берілетін жәрдемақы да көтерілді. Мысалы, бұрын 3 балаға дейін 140 мың теңге төленсе, енді 149 416 теңге аударылады. Ал үйде 4 немесе одан да көп бала болса, 247 716 тг шотқа түспек. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі адамдарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Теріскейде олардың саны 24 мыңнан асады.
Бүгінде облыста 149 498 зейнетақы және жәрдемақы алушы бар. 2024 жылы аймақтағы зейнетақының орташа мөлшері 84 928 теңгені құрады.
Өткен жылы өңірде мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша 17,6 млрд теңге жәрдемақы төленіпті. Ал көпбалалы отбасыларға көрсетілген мемлекеттік қолдау – 3,6 млрд теңге.

РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– 2025 жылы халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерге 231,9 млрд теңге бөлу жоспарланған, алушылар 149 498 адамнан асады: зейнетақылар, жәрдемақылар және атаулы әлеуметтік көмек. Облыста табысы төмен отбасыларға атаулы және өзге де әлеуметтік көмек көрсету жұмысы жалғасуда.

2024 жылы 545 млн теңгеге 5 200-ден астам азаматқа немесе 1217 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26%-ға төмен. Қосымша төлемді 1500 бала 53 млн теңге көлемінде алды. Бұдан басқа, 29 900-ден астам мұқтаж жанға жалпы сомасы – 4,7 млрд теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді, оның ішінде су тасқынынан зардап шеккендер бар.

 

Байболат Құлтанов