Қазақстанда есірткі тасымалдаушыларға жаза жеңілдеді. Маңызды деректер айтылған жиынды жергілікті полицейлер жастар ресурстық орталығының мамандарымен бірлесіп ұйымдастырды.
ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
– Еліміздің Президенті есірткі тасымалдаушыларға жазаны жеңілдету, ал есірткі зертханалары мен интернет-дүкендерді ұйымдастырушыларға қатаңдату туралы заңға қол қойды. Бұрын тасымалдаушылар 10 жылдан 15 жылға дейін сотталатын, енді оларға 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Егер тасымалдаушы бұл қылмысты екінші рет жасаса, 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ескерер жайт, оқу орындарында, кәмелетке толмағандар арасында немесе қылмыстық топтың құрамында есiрткi таратқандарды 15 жылдан 20 жылға дейiн бас бостандығынан айыру көзделген. Айта кету қажет, өзгерістің жазасын өтеп жатқандарға да қатысы бар.
ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
– Бұны қылмыстық заңның келесі беті деп түсінуіміз қажет. Әрбір жағдай жеке қаралатын болады. Яғни, жазасын өтеушінің заңды өкілдері немесе адвокаттары өтініш бере алады. Сот әр өтінішті қарайды, сол бойынша шешім шығарады.
2024 жылы облыста 250-ге жуық қылмыстық құқық бұзушылық анықталды, оның 132-сі есірткі сату болып табылады. Соттың шешімі бойынша 130-дан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Байболат Құлтанов