Спорт

Бас бапкері ауысқан «Қызылжар» ФК Түркияға аттанады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Тура 2 айдан соң Қазақстанда кезекті футбол маусымы басталады. Жоғарғы лигада ойнайтын клубтар қазір уақытты зая өткізіп жатқан жоқ. Олардың кейбірі дайындықты бастап кетті. Жақын арада әзірлікке петропавлдық “Қызылжар” кіріседі. Өңір намысын қорғайтын ұжым Түркияға аттанбақ. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

«Қызылжар» ФК алғашқы оқу-жаттығу жиынына аттанады. Дайындық жұмысы Түркияның Белек қаласында өтеді. Ол қаңтардың 11-і күні басталып, 31-і күні мәресіне жетеді. Көп ұзамай екінші жиын басталады. Ол ақпанның 3-ші жұлдызынан 20-сына дейін жалғасады. Жолдастық кездесулер мен ойындарға қатысты тікелей эфир жайлы ақпарат жақын арада жарияланады.

«Қызылжар» алғашқы оқу-жаттығу жиынында сербиялық, венгриялық, солтүстік македониялық, босния-герцеговиналық командалармен күш сынасады. Маусым қарсаңында клубта бірнеше өзгеріс болды. Енді ұжымды отандық маман Әли Әлиев жаттықтырмайды. Оның орнын ердің жасынан енді асқан, Беларусь елінен шақырылған бапкер басты.

Қош келдіңіз, Александр Вячеславович! «Қызылжар» футбол клубы Александр Бразевич бас бапкер қызметіне тағайындалғанын хабарлайды. Тәжірибесі толыққан белорустік маман литвалық «Таурас» және «Жальгирис», белорустік «Динамо-Брест, «Слуцк»,
«Смолевичи», «Торпедо» сынды командаларда жұмыс атқарды.

Клубтың инстаграм желісіндегі парақшасында осындай да ақпар жарияланды. Өкінішке қарай, команда сапынан Душан Йованчич, Евгений Березкин, Ардақ Сәулет, Мәди Хасейн, Александр Довгаль сынды футболшылар кетті. Тізім әлі де толығуы мүмкін.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Есесіне, командаға бірнеше футболшы қосылды. Алматылық “Қайраттан” Арсен Буранчиев, Андрей Ульшин, Глеб Валгушев келді. Соңғысы Петропавл футбол мектебінің түлегі саналады. Қорғанысты Дмитрий Мирошниченко күшейтті. Ал шабуыл шебінде Тоқтар Жаңғылышбай мен өзіміздің Артем Черединов ойқастамақ. Сонымен қатар, петропавлдық Вадим Петров клубпен келісімшартты ұзартты.

Айтпақшы, «Қызылжар» футбол клубы маусымның алғашқы ойындарын Петропавлда өткізбейді. Енді жанкүйерлер жігіттерге қолдау көрсету үшін Астанаға емес, Қостанайға бару керек.

Біздің команда маусымның алғашқы турларын Қостанай қаласындағы жабық манеж – «Тобыл Аренада» өткізеді. Өзге қалада ойнауымыздың басты себебі – «Қарасай» стадионында жаңарту жұмыстарының жүргізілуі. Ал өткен маусымда кездесулерді өткізген «Жастар» стадионында алаңды жылыту жүйесі қарастырылмаған. Естеріңізге сала кетейік, жаңа маусымның басталуы наурыз айының басына жоспарланған.

Қоса кетейік, өткен маусымда «Қызылжар» футбол клубы 9-шы орынға табан тіреді. Чемпионатта алматылық “Қайрат” жеңімпаз атанды.

 

Байболат Құлтанов