Білім

СҚО-да жоғары сынып оқушылары арасында пәндік олимпиада өтіп жатыр

Облыс орталығында 9-11 сынып оқушылары арасында пәндік олимпиаданың 3-ші кезеңі өтіп жатыр. Мектепшілік және аудандық білім додасында озып шыққан 500-ден астам шәкірт енді облыстық кезеңде бақтарын сынауда. Ал, жалпы, олимпиадаға 4 мыңға жуық бала қатысқан. Білім сайысы 2 күнге жалғаспақ. Нұрай Елубай Айыртау ауданындағы Қаратал ауылынан келіп отыр. Оқушы математика пәнін таңдаған.

НҰРАЙ ЕЛУБАЙ, олимпиадаға қатысушы, Айыртау ауданы:

– Мен 9-сыныпта оқимын, олимпиадада математика пәнін таңдадым. Математика пәні маған ҰБТ тапсырғанда керек болады. Одан бөлек бала кезден бері математикаға қызығамын. Бұдан бұрын да басқа да олимпиадаларға қатысып жүрген едім. Енді сол дайындықпен бүгін келіп отырмын. Жақсы нәтиже көрсетемін деп ойлаймын.

Олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші күні – теориялық, екінші күні тәжірибелік тапсырмалар бойынша сынақтан өтеді. Оқушылар 15 пәннен тапсырма орындайды. Кейбіреуі электрондық форматта өтеді. Балалардың білімін жергілікті университеттің оқытушылары бағалайды.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Жалпы, гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 300 оқушы қатысады. Ал жаратылыстану математикалық бағытына 200-ден астам оқушы қатысатын болады. 45 пайызы – ауыл балалары. Жарысқа барлық ауданның оқушылары келіп отыр.

3-ші кезең қорытындысы ертең мәлім болады. Арасында оза шапқан 15 үздік наурыз айында республикалық олимпиадада облыс намысын қорғайтын болады.

 

Мәдина Қаби