7 қаңтарда Православ христиандары Рождество Христово мерекесін атап өтеді. Діни мейрам қарсаңындағы негізгі амалдардың бірі – 40 күндік ауыз бекіту. Бұл кезеңде адамдар өздерінің жан дүниелерін рухани тұрғыда тазартады, дұға мен ойға көп уақыт бөледі, шіркеулерге жиі барып, құдайға құлшылық етеді. Дәстүрлі мерекеге байланысты бүгінде өңірдегі храмдар безендірілген. Ертең олардың іші халыққа лық толмақ.
ВЛАДИМИР, Петропавл және Булаев архиепископы:
– Бұл күні әлемге Құтқарушы келген. Евангелист Иоанн пайғамбарымыз “Құдай әлемді сүйгені соншалық, өзінің Ұлын жолдады” дейді. Иса пайғамбардың өмірге келгені Құдайдың барының, Құдайдың бізбен екенін ұғындырады. Сол себепті, біз Рождество Христово мерекесін жыл сайын атап өтеміз. Бұл біздің міндетіміз деп түсіну қажет.
Ал 6 қаңтарда православ сеніміндегі христиандар “Сочельник” мерекесін атап өтеді. Бұл сөз қайнатылған бидайдан, күріштен немесе басқа да дәнді дақылдардан жасалған тәтті тағам – «сочива» деген тағам атауынан шыққан.
ВЛАДИМИР, Петропавл және Булаев архиепископы:
– “Сочельник” мерекесінің бірінші бөлігі адамды тазалыққа шақырады. Екінші жартысында рухани тазалыққа мән беруіміз керек. Біздің өміріміз қарбаласқа толы. Қазір телефонсыз бір күнімізді өткізе алмаймыз. Ал Рождество мерекесі қарсаңында тыныштық сақталуы керек. Бұл бөлмеге жабылып, тыныш отыру керек дегенді білдірмейді. Адам баласы барлық құштарлықты басуға тырысқаны жөн.
6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түні шіркеулерде дұға оқылады. Оған әжептәуір адам қатысады. Сенім бойынша рождестволық амалды орындағандарға Құдай көмек қолын ұсынады.
Байболат Құлтанов