Сайыс 6 мен 18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар арасында ұйымдастырылған. Зияткерлік ойында 100 спортшы бағын сынауда. Қатысушылар Астана, Павлодар, Екібастұз, Көкшетау, Петропавл мен Ғ.Мүсірепов ауданынан жиналып отыр. Кирилл Балаев өңір намысын қорғап жатыр. Ол төртінші партияда қарсыласымен тең түсті, қалған бесеуінде жеңуге ниетті.
КИРИЛЛ БАЛАЕВ, турнирге қатысушы:
– Мен шахматпен 6 жасымнан айналысамын. Шахматқа бет бұрғаныма 9 жылдан асты. Ел чемпионаттарының жүлдегерімін, республикалық турнирлерге жиі қатысамын. Соңғы уақытта өңірде менің жас категориям бойынша ұйымдастырылған жарыстарда бірінші орын алып жүрмін.
Турнир қос кезеңнен тұрады: блиц және рапидтен. Мұндағы бәсеке жоғары. Қатысушылар қарсыласынан ұтылғысы жоқ.
АРСЛАН ЕСКЕНДІРОВ, турнирді ұйымдастырушы:
– Рапидте әр ойыншыға 10 минуттан, ал блицте 5 минуттан беріледі. Шахмат ойыны өңірде соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Қазір кез келген мектепте шахматтан үйірме құрылған, мәселен, біздің шахмат мектебінде бұл спорт түрімен 100-ден астам бала айналысады. Біздің шахматты дамытуға ден қойғанымызға 7 жылдай болып қалды, сол себепті, бір нәтижесі ретінде бірінші рет осындай республикалық турнир өткізіп отырмыз.
Турнир 2 күн бойы өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және кубокпен марапатталады.