Қоғам

Мәжілісмендер бірнеше метрге көтерілген бөгетті нығайту жұмысымен танысты

Бүгінде Петропавлдың “Ойқала” ықшам ауданындағы бөгет нығайтылып жатыр. Жауапты ұйым тасқынға қарсы қорғаныс үйіндісінің қапталдарын нығайтпас бұрын оны бірнеше метрге көтеріпті, енін де ұзартқан. Енді Есілге қарсы жағына топан суға және жоғары жылдамдықпен жағаға соғылатын мұзға қарсы арнайы мата мен плита төсеуде. Мұндай шешім көктемде оң нәтиже беру керек.

МҰХИТ КЕНЖЕКЕЕВ, «BUILDING STROY-2020» ЖШС директоры:

– Біз бөгеттің Есіл өзені жақ бетіне 1086 плита төсейміз. Әрбіреуіне жауапкершілікпен қарап жатырмыз. Осы жерге арнайы бақылаушы мамандар да келген. Бөгет берік болу керек, одан қалды белгілі бір қиғаштықпен салынуы және нығайтылуы қажет. Сонда ғана суға, мұздарға шыдас береді. Біз мұның барлығын алдын ала ойластырдық.

Бөгеттің еніне тоқталсақ, төменгі бөлігі 22 метрге таяп қалады, ал жоғарғы тұсы 6 метрді құрайды. Адам мен техника жеткілікті. Жоспар бойынша серіктестік өкілдері ақпанның ортасына дейін барлық плитаны төсеп болады.

МҰХИТ КЕНЖЕКЕЕВ, «BUILDING STROY-2020» ЖШС директоры:

– Бөгет шамамен 10 метрге көтерілді. Бұл былтырғыдан әжептәуір жоғары. Біздің міндетімізге қорғаныс үйіндісінің бойын абаттандыру да кіреді, қоқыс та шығарамыз. Оған негізгі жұмысты аяқтағасын кірісеміз.

Бірнеше метрге көтерілген бөгеттің нығайтылу жұмысымен Парламент Мәжілісінің депутаттары Еркебұлан Мамбетов пен Дмитрий Колода танысты.

Құрылыс алаңында мәжілісмендер мердігерді де, бақылаушы мамандарды да сөзге тартты. Барлығын жіті сұрап, сапаның жоғарылығына көз жеткізді.

ЕРКЕБҰЛАН МАМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ұзындығы 1 шақырым 300 метрді құрайтын бөгетке келдік. Барлығын өз көзімізбен көрдік. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Құжаттары дұрыс, жауапты мамандардың бәрі осында екен.

Былтырғы көктем баршаға сабақ болды, бірқатар мәселемен бетпе-бет жолықтырды. Қиын-қыстау шақта күрек сынды қажетті дүниелердің біразы мемлекеттік сатып алу арқылы қолға түсті. Нәтижесінде алтыннан қымбат уақыт зая кетті. Бұлардың барлығын бір арнаға тоғыстырған басшылық депутаттарға жүгінді. Өтініш жерде қалмады.

ЕРКЕБҰЛАН МАМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– 1-ші қаңтар күні Мемлекеттік сатып алу бойынша жаңа заң күшіне енді. Енді елімізде төтенше жағдай болса, осы сынды мәселелер жергілікті бюджет есебінен шешіледі.

Қоса кетуіміз қажет, қазіргі таңда өңірімізде 8 бөгетте топырақпен көтеру және нығайту жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның 3-еуі Петропавлды тасқыннан қорғайды.

 

Байболат Құлтанов