Әзірге, солтүстікқазақстандықтар қыстың қытымыр мінезін сезінген жоқ. Сақылдаған сары аяздың болмауына байланысты өзен-көлдердің де беті айтарлықтай қатпаған. Осыған байланысты құтқарушылар бақылау шарасын күшейткен.
ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс офицері:
– Өңірге суық жеткен жоқ, өзендердің ағысы қатты. Осыған байланысты мұз біркелкі қатпауда. Арнайы жасақ мұздың қалыңдығын өлшеп тұрады. Жұмыс барысында балықшылармен, суық суға түсетін адамдармен кездесіп, ережелерді еске саламыз.
Басты назарда – балықшылар! Бүгін қалалық жағажайға тек 1 адам келіпті. Қолына қармақ ұстаған жанға азаматтық қорғаныс офицері маңызды ақпарат ұсынды.
Кейбір адамдар ережеден бейхабар. Ал кейбірі істің жілігін шағып, майын ішкен. Барлығын бес саусақтай біледі.
Өңірде суық суға түсуге құмар жандардың саны артып келеді. Олар үшін қалалық жағажайда арнайы ойық жасалған. Бейінді департамент көмек қолын созыпты. Сонымен қатар, бұл жерге бейнебақылау камералары қойылған.
ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс офицері:
– Қысқы кезең басталғалы 2 мыңға жуық адам ескертілді. Олардың арасында балықшылар бар. Крещение мерекесі кезінде адамдар қауіпсіздікке баса мән беру керек.
Құтқарушылар өзен-көлдердегі рейдті жалғастырмақ. Мамандар өңір тұрғындарын дауылды ескертулер жасалған жағдайда міндетті түрде мән беруге шақырады.
Байболат Құлтанов