Құқық қорғау органдары

Тайыншалық қарттар 16 млн теңгеге алданып қалған

Алаяқтар тайыншалық аға буын өкілдерін де алдап соққан. Қулар банктен хабарласқан болып, қарттарға өздерінің және балаларының атына несие рәсімдеткен. Ақыры соңында 16 млн теңгені қалтаға басқан. Тайынша ауданында өткен жылы 31 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Жергілікті полиция қызметкерлері осындай жайттардың алдын алу мақсатында қазір жаңа бір тәсілді қолға алып жатыр. Мамандар тиісті ескертпе сөздер жазылған полицей макетін қолдануда. Барлығы – 10 макет әзірленген. Олар банк бөлімшелерінде, сауда үйлерінде, банкоматтар мен банк терминалдарының жанына орнатылған.

ҚУАНЫШБЕК ТЕМІРБЕКОВ, Тайынша аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы:

– Отыз бір жағдайдың тоғызында адамдар өз ақшаларын қылмыскерлерге терминал арқылы жіберген. Әдетте алданған адам терминалға әбден абдыраған күйде келеді. Осы сәтте оның назарын аударып, ойландырған өте маңызды. Алғашқы 10 макет аудан орталығында және ауданның ірі ауылдары – Келлеровка мен Чкаловода орнатылды, тағы 10 макет қаңтар айында қойылады. Профилактикалық жұмысты барлық мүмкін тәсілдермен жалғастыру жоспарланып отыр.

 

Мәдина Қаби