Қоғам

СҚО-да қаңтардың бірінші жұлдызында 11 бала дүниеге келді

Петропавлдық 39 жастағы Эльмира Баймұратова жаңа жылдың бірінші күні Амелия есімді қызын дүниеге әкелді. Ол сәбиін облыстық перинаталдық орталықта босанды. Ерекше күні дүние есігін ашқан нәрестенің жағдайы жақсы, салмағы – 4 келі 500 гр. 3 баланың анасы атанып отырған нәзікжанды бүгін Амелиямен бірге отбасына оралды.

ЭЛЬМИРА БАЙМҰРАТОВА, қала тұрғыны:

– Дәрігерлер өте жақсы күтім жасады. Солардың арқасында жеңіл босандым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Балам да сау. Менің 1 ұлым, 1 қызым бар, енді осымен қатарларына тағы бір қызым қосылды. Қызым – біз үшін Жаңа жылдың ең үлкен сыйы. Амелия деп есімін күйеуім қойды. Жолдасымыз екеуіміз қызымыздың дәл Жаңа жылда дүниеге келгеніне өте қуаныштымыз. Барлығына рахмет!

Қазір жалпы перинаталдық орталықта 50 ана сәбиімен бірге жатыр. Оның 37-сі – осы бес күн ішінде босанғандар. Ал 1-ші қаңтар күні 7 бірдей бала дүние есігін ашқан. Сәбилердің бесеуі – қыз. Облыс бойынша айтатын болсақ, 1-ші қаңтар күні 11 бала дүниеге келді. Оның 4-еуі – ұл бала.

МӘДИНА ЗАКЕРЬЯНОВА, облыстық перинаталдық орталықтың статист-дәрігері:

– Он бір баланың төртеуі аудандағы ауруханада дүние есігін ашты. Ең ірісінің салмағы – 5 келі. Сәбилердің барлығы аман, денсаулықтары да жақсы. Бәрі қазір аналарымен бірге босанғаннан кейінгі бөлімде жатыр. Жақын уақытта үйлеріне шығарылады. Балалардың осылай жетілген әрі сау болып дүниеге келуі – біз үшін зор қуаныш.

Айта кетсек, былтыр перинаталдық орталықта 4 мыңға жуық сәби дүниеге келген. Оның 42-сі егіздер, бір үшем туған.

 

Мәдина Қаби