Қоғам

СҚО-да бірнеше өрт оқиғасы тіркелді

Жыл басталмай жатып Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше өрт оқиғасы тіркеліп үлгерді. Бейінді департамент қабырғасында айтылған дерекке сүйенсек, өңірімізде 7 жайсыз жайт орын алыпты. Салдарынан 1 адам зардап шеккен.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қаңтардың 3-і күні Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында жеке тұрғын үй отқа оранды. Жалпы аумағы 150 шаршы метрді құрайтын баспананың төбесі жанды, кіреберісіне зақым келді. Оқиға орнына сол маңда тұратын адамдар жедел жеткен. Олар 68-ші жылғы азаматты ауруханаға жеткізіпті. Бүгінде науқастың жағдайы қалыпты деп бағаланып отыр. Оттың шығу себебі – электр сымдарының сыр беруі.

Мереке күндері өрт сөндірушілермен қатар, апаттық құтқару жасағының өкілдері дамыл таппады. Олар түрлі шақыртуға барған. Көбі белгілі бір себептермен үйіндегі есігіне жете алмаған егде жастағы адамдардан түсіпті.

ОЛЖАС ЖҮНІС, СҚО ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы:

– 4 апаттық шығу болды, барлығы Петропавлда тіркелді. Біздің мамандар пәтерлерге терезе арқылы кірді.

Осы орайда Олжас Жүнісовтың тұрғындарға айтары бар.

ОЛЖАС ЖҮНІС, СҚО ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы:

– Жалғызбасты адамдарға үнемі хабарласып тұру керек. Егер сенетін көршілер болса, пәтердің қосымша кілтін соларға берген дұрыс. Оларға қарап отырады.

Аққайыңдар өлкесіне жылы ауа райы жетті. Бұл өзен-көлдердің бетіндегі мұзға әсер етуі мүмкін. Мамандар халықты табиғат аясында да мұқият болуға шақырады.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Көлдердің бетіндегі мұз сол қалпында қалуы ықтимал. Ал Есіл өзеніндегі мұз жұқарады. Қазірдің өзінде жоғары бетке шыққан суды көреміз. Балықшылар және демалыста жүрген балалар, абай болыңыздар! Ата-аналар, ұл-қыздарыңыздың әр қадамын бақылау керек. Өзенге бармаған, оның жағасында, бетінде ойнамаған жөн.

Дмитрий Растихин заңсыз пиротехникалық заттар жайлы да айтты. Жаңа жыл қарсаңында 80-нен астам рейд болып, 16 адам жауапқа тартылыпты. Оларға 700 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Қуантарлығы, өңірде пиротехникалық өнімдерден ешкім зардап шекпеді. Ал елімізде 63 адам, оның ішінде 20 бала жарақат алыпты.

 

Байболат Құлтанов