Құқық қорғау органдары

Петропавлда демалыс күндері «102» арнасына 1800-ден астам қоңырау келіп түскен

Петропавлдық полицейлер жаңажылдық демалыс күндері атқарған кезекшіліктерін қорытындылады. Желтоқсанның 31-і мен қаңтардың 4-іне дейін тыныштықты бұзу бойынша 31 шақырту келіп түскен. Отбасылық жанжал мен тәртіпсіздікке қатысты 62 қоңырау қабылданған. Мүлікті ұрлаудың – 7 фактісі және осынша алаяқтық тіркелген. Петропавлда демалыс күндері «102» арнасына 1800-ден астам қоңырау келіп түскен. Бұл күндері қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Олар мереке күндері 200-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықтады. Оның 120-дан астамы – жол қозғалысы ережелерін бұзу.

Жолдағы қозғалыстың түзулігі – өзекті мәселелердің бірі. Өкінішке қарай, өңірде адамның рөлге мас күйде отыру жағдайлары азаймай тұр. Облыс жолдарында өткен жылы мыңнан астам мас жүргізуші тоқтатылған. Көзге түспей қалғаны қаншама? Түйткіл полиция департаментіндегі консультативтік-кеңесші органның жуырда өткізген отырысында талқыланды. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Уәлихан Оразалин айтуынша жол-көлік оқиғаларының негізгі себептеріне тоқталды.

УӘЛИХАН ОРАЗАЛИН, СҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Жүргізілген талдауға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарына жол беретін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің төмен тәртібі. 2024 жылдың 11 айында жол жүрісі қағидаларының 65 мыңнан астам бұзушылығы анықталды.

Полицейлер мен консультативтік-кеңесші орган мүшелері профилактикалық жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, бірқатар жаяу жүргіншілер өткеліне бағдаршам орнату, жол инфрақұрылымына қатысты өзгеріс енгізу мәселелерін қарастырды.

 

Данаш Хамза