Қоғам

Қазақстанда жәрдемақы, зейнетақы мен айыппұлдың көлемі өсті

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш өзгерді. Былтыр АЕК немесе МРП 3692 теңгені құраса, биыл 3932 теңгеге жетіп отыр. Яғни, 240 теңге қосылыпты. Өзіміз жақсы білетіндей, айлық есептік көрсеткіш – жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді, салықтарды, айыппұлдарды және басқа да міндетті төлемдерді есептеуге арналған негізгі өлшем бірлігі.

Айлық есептік көрсеткіш көтерілді, жіпке тізілгеннің барлығының көлемі ұлғайды. Қазақстандықтардың барлығына қатысты өзгерісті осылай түсінген дұрыс. Әрқайсысына жекелей тоқталайық. Ең бірінші жалақы мен зейнетақы жайлы ақпар ұсынамыз.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– 2025 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды. Бұл ретте әрқайсымыз, әсіресе, қарапайым еңбек адамдары түсіну қажет сәт бар: жұмыс беруші аталған сомадан төмен ақы ұсына алмайды. Егер талапты бұзса, құзырлы органдарға сенімді түрде жүгінуге болады. Сонымен қатар, 1 қаңтарынан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері – 62 771 теңге. Ал базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін қажет ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы – 46 228 теңге.

Өзгеріс айыппұлдарды да айналып өтпеді. Елімізде көлік тізгіндеген жандар аса мұқият болғандары жөн. Олар ереже бұзса, бірсыпыра қаржыны қалтадан шығарады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Біз “Ең үлкен айыппұл қандай жағдайда салынады?” деген сұраққа жауап іздедік. Түртіп алыңыздар, егер рөлдегі адамды жол-патруль полициясы тоқтатса, тоқтау керек. Талап орындалмаса, 157 280 теңге төлеуге міндеттеледі. Ал осы заң бұзушылық екінші рет қайталанса, жүргізуші куәлігінен айырылып, бақандай 5 тәулікке қамалады. Сонымен қатар, қосымша 235 920 теңге төлейді. Әжептәуір шығын.

Жасыраты жоқ, кейбір адамдар белдік тақпайды. Рөлде телефон қолданатындар да бар. Әсіресе жолаушы жинауға асық такси жүргізушілері дамылсыз қоңырау мен хат келетін жабдықты қолдан түсірмейді. Енді мұндайға жол бергендер 19 600 теңге төлейді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Жүргізушілерге бұдан өзге де айыппұлдар қарастырылған. Толық ақпармен танысу үшін интернетке зер салуға кеңес береміз. Сөз соңында қоғам тәртіпті бұзғандарға қатысты жазаның да көлемі ұлғайғанын айтқымыз келеді. Егер тұлға мемлекеттік рәміздерді қорласа, 11 796 000 теңге төлеуге міндеттеледі. Ал қоқысты белгіленбеген жерге тастаса, қоғамдық орындарда түкірсе, 39 320 теңгені қазынаға аударады.