Қоғам

Жаңа жылда кезекшілік атқаратын құтқарушылар

Азамат Жаныбаев Жұмысшы кентіндегі 4-ші өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет етеді. 27 жастағы жігіттің осы салада тер төгіп жүргеніне 5 жылдың жүзі болған. Ал Жаңа жылды осымен екінші рет отбасымен емес, жұмыста әріптестерімен бірге қарсы алғалы отыр. Соңғы рет жаңажылдық кезекшілікке 2019 жылы түскен. “Сонда Жаңа жыл тыныш өтіп еді, биыл да шақырту болмайтындығына үміт бар”,- дейді.

АЗАМАТ ЖАНЫБАЕВ, қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы:

– Мен өрт сөндіру бөліміне әскерден кейін келдім. Жұмысым өзіме ұнайды. Қанша қиын болып жаста да тастағым келмейді. Әрине, тілсіз жаудан үрейленемін, бірақ, жалындап жатқан баспанадан адам айқайын естігенде жаным жай таппайды. Хабар түскен сәтте біз 2 минуттың ішінде көмекке шығуымыз қажет.

4-ші өрт сөндіру бөлімі орналасқан аумақта көшелер тар, кілең жер үйлер. Ал өрттің көбі жер үйдегі пештің дұрыс жағылмауынан туындап жатады. Яғни, құқарушылар тіпті бір күнде 7-8 шақыртуға шығатын кездері де болады екен. Қазір бөлімде 40-қа жуық маман еңбек етсе, оның 7-еуі биыл жаңажылдық кезекшілікке түседі. Жұмыс барысын бөлім бастығының орынбасары Аслан Оразалиновтың өзі қадағалайтын болады.

АСЛАН ОРАЗАЛИНОВ, қалалық №4 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

– Тұрғындардан пиротехникалық заттарды қолданған кезде сақ болуларын сұраймыз. Отшашу сияқты дүниелерді пайдаланған кезде ашық алаңқайда атқан жөн. Адамға, қабырғаға немесе бір затқа қаратып атуға тыйым салынады. Арты қиын жағдайға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, тұрғындардан пеш жағу қағидаларын қатаң түрде ұстануды сұраймыз. Көбі пешті дұрыс жақпайды, аузын мықтап жаппайды немесе ойық тұстарына мән бермейді.

Жалпы, облыс бойынша Жаңа жылда 145 құтқарушы кезекшілікке түседі. Оның 55-і – қалалық.

 

Мәдина Қаби