БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Ұлу жылы солтүстікқазақстандық спортшылардың уысына түрлі санаттағы жүлде түсті. Бейінді басқармадан статистиканы сұраттық. Сонда арқамызды кеңге жайып, марқайып қалғанымыз жасырын емес. Биыл теріскейлік саңлақтар 1354 медалді қанжығаға байлапты. Соның 342-сі – алтын. Ағымдағы жылдың қорытынды шығарылымда тақым қыстырған, баршамыздың бөркімізді аспанға атқызған кейбір спортшылармен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Ұлу жылы тарихи жетістікке жеткен солтүстікқазақстандық спортшының бірі – Сәния Әскер. Бесасықшы бұрымды ағымдағы жылдың күзінде Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында топ жарды. Дүбірлі дода арқылы көпшілікке танылған жерлесіміз – ауылдың қырында көбелек қуған қыз. Аядай ғана Алқаағаштан шыққан ару келесі жылы да зор жетістікке жеткісі келеді.
СӘНИЯ ӘСКЕР, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:
– Спортты Шал ақын ауданы Алқаағаш ауылында бастадым. 2017 жылы ауылда асық ату және бесасық үйірмесі ашылды. Содан бері көптеген қыздар шықты. “Халықаралық дәрежедегі спорт шебері” нормативін орындадым. Келесі жылы алғаш рет ересектер арасындағы жарысқа түсемін.
Қуантатыны, Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық спортымызды ұлықтайтын жастардың саны ұлғайып келеді. Бәсеке бар. Соның арқасында үздіктердің-үздігі анықталып, түрлі деңгейдегі жарыстарда лайықты өнер көрсетіп жүр.
АҒЖАН СҰРАҒАНОВ, Асық ату федерациясы СҚОФ президенті:
– Қыздарымыздың қарқыны жақсы. Республикалық жарыстардан үнемі жүдемен келеміз. Бүгінде Ұлттық құрамаға 6 қызымыз кіріп отыр.
Ал мына алақандай ғана залда бокстан Азия чемпионы жаттығады. Бұл жетістікке Наталья Богданова жақында ғана жетті. Күллі елге танылған қарапайым әрі еңбекқор қыздың соққысы ауыр, техникасы тамаша. Шаршы алаңнан тыс жерде үнемі күлімсіреп жүретін жерлесіміздің арманы – Олимпиада алтынын туған жерге әкелу.
НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА, бокстан Азия чемпионы:
– Азия чемпионаты алдында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиындары өтті. Спортшылардың арасында “Жаттығуда қиын болғанымен, жарыста оңай болады” деген түсінік бар. Өзімізді аямай тер төктік. Нәтижесінде алтын медаль бұйырды. Шынымды айтсам, әлі сене алар емеспін. 4 жылдан кейін Олимпиада ойындары өтеді, сонда жеңіске жетсем деймін. Көбі “Тұрмысқа шықпайсың ба?” деп сұрап жатады. Мен алдымен арманымды орындасам, елдің үмітін ақтасам деймін.
Біреу білсе, біреу білмес, Наталья Богданова – бокстан әйелдер арасында Азия чемпионы атанған тұңғыш солтүстікқазақстандық. Оны Дастан Қабденов топқа қосып жүр. Спортшы бапкерінің қоластында 6 жылдың көлемінде жаттығады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, екеуі келер жылдары көк туымызды көкте желбіретпек ниетте.
ДАСТАН ҚАБДЕНОВ, Наталья Богданованың жеке жаттықтырушысы:
– 2024 жыл сәтті болды. Келесі жылы Әлем чемпионаты болады. Сонда топ жарғымыз келеді.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Есімдері айтылмаған спортшылар айып етпесін. Біз жылдың қорытынды шығарылымызда Сәния мен Натальяның ерлігін ел есіне салғымыз келді. Баршаңызға келер жыл олжалы болсын! Сіздерден тек жеңіс пен жағымды жаңалық күтеміз!
Байболат Құлтанов