Денсаулық сақтау

Петропавлдық дәрігерлер ерекше ота жасады

Петропавлдық дәрігерлер науқастың жүрегінен көлік дөңгелегінің темір бүрін алып шықты. Осы хабар осыдан 1 апта бұрын желіде желдей ескен болатын. 22 жастағы қала тұрғыны көлігін жөндеп жатқан кезде дөңгелегі жарылып, ауыр халде ауруханаға түскен. Ақ халатты абзал жандардың айтуынша, пациенттің өкпесі мен бауыры зақымданған. Мамандар бір литр қан жоғалтқан науқастың кеуде қуысына екі сағат бойы операция жасап, темір тікенді алып шықты. Арнамыздың түсірілім тобы дәл сол күні кезекшілікте болып, зардап шеккен жанға операция жасаған 3-ші қалалық аурухананың дәрігер-хирургі Руслан Захаровпен тілдесті. Білікті маман бізге болған оқиғаның барлығын бүге-шүгесіне дейін айтып берді.

РУСЛАН ЗАХАРОВ, №3 қалалық аурухананың дәрігер-хирургі:

– Науқас бізге келіп түскеннен кейін бірден оны толығымен тексеріп, кеуде қуысы жарақаттанғаның көрдік. Өкпесінің оң жағындағы жараны, диафрагманы, зақымданған бауырды тіктік. Алайда, ота кезінде оның көкірек бөлігінде гематома пайда болып, қайтадан қараған кезде жүрекке де зақым келгені анықталды. Біз бірден әрекет етіп, жүрек ішінен дөңгелектің темір тікенін тауып алдық. Тағы бір жанның өмірін құтқарып қалғанымызға өте қуаныштымын. Бұл – менің міндетім деп білемін.

Дәрігермен тілдесу барысында осы сияқты оталарды екі күнде бір жасайтынын айтты. Кей операциялар жарты күнге созылатынын жеткізді. Жалпы, Руслан Захаров №3 қалалық ауруханада 4 жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін Бескөл ауылындағы емдеу мекемесінде 7 жыл қызмет еткен.

РУСЛАН ЗАХАРОВ, №3 қалалық аурухананың дәрігер-хирургі:

– Менің жұмысым асқан жауапкершілікті талап етеді. Науқас ауыр халде ауруханаға түссе, 5-10 минуттың ішінде ота жасауды бастап кетеміз. Егер қателік жасасаң, науқас өліп кетуі мүмкін. Ауруханада күніне 3-4 күрделі ота жасалады. Мен дәрігер болғаныма еш өкінбеймін. Осы салада қызмет етуді бала кезімнен армандаған болатынмын.

Дәрігер бірнеше рет Жаңа жылды отбасымен емес, жұмыс орнында қарсы алған. Руслан Захаров үшін бірінші кезекте – мереке емес, халықтың амандығы.

РУСЛАН ЗАХАРОВ, №3 қалалық аурухананың дәрігер-хирургі:

– Отбасым Жаңа жылды бірге қарсы алмағаным үшін ешқашан ренжіген емес. Себебі, олар менің дәрігер екенімді біледі. Мен 3 рет мерекені жұмыста қарсы алғанмын. Тіпті, туған күнін ауруханада қарсы алғандар да жетерлік. Негізінен, мейрамға дейін емес, кейін науқастардың саны көбейеді. Оған себеп – адамдардың ащы суды асыра ішуі. Жаңажылдық жарылғыш заттар мен фейерверктердің кесірінен де қала тұрғындары түрлі дене жарақаттарын алып жатады.

Ақ халатты абзал жан сөзінің соңында барлық солтүстікқазақстандықты мерекемен құттықтап, сақтық шараларын ұмытпауға шақырды.

 

Нұрасыл Ахмет