Сарбаздар, курсанттар, полицейлер, жол инспекторлары мен жылдам қыймылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері. Петропавлда тәртіп сақшылары мерекелік қызмет алдында сап түзеді. Тепсе темір үзер жігіттердің алдында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сөз сөйлеп, тыныштықты сақтау қажеттігін баса айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Алдағы күндері абай болу керек. Сіздерге үлкен міндет жүктелген. Мереке кезінде адамдардың қауіпсіздігін, қоғамдық орындардағы тыныштықты сақтау аса маңызды. Адал қызмет үшін сіздерге алғыс білдіремін.
Мерекелік қызмет алдындағы сап түзеуде облыстық Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов та сөз алып, тәртіп сақшыларына қырағы болуды тапсырды. Сонымен қатар, өңіріміздің түкпір-түкпірінде қызмет ететін жандарды Жаңа жылмен құттықтады.
Байболат Құлтанов