Балалар

Петропавлда 140 балаға арналған балабақша қолданысқа берілді

Бүгін “Береке” ықшам ауданының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Себебі, мұнда су жаңа балабақша ашылды. Заманауи нысан аз уақыттың ішінде бой көтерді. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы келіп, жаңа білім мен тәрбие мекемесінің таспасын қиды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет басшысы білім саласына ерекше көңіл бөлуде. Балақайларымыз осы жерден оқуға деген алғашқы қадамдарын жасап, болашақта еліміздің беделді азаматы болатынына сенімім мол.

Берекеліктер балабақшаның ашылуын асыға күтті. Себебі, бұған дейін ықшам аудан тұрғындары ұл-қыздарын орталықтағы бөбекжайларға апарған. Осы ретте Каринэ Шәрішева барлық ата-аналардың атынан ризашылығын білдірді.

КАРИНЭ ШӘРІШЕВА, “Береке” ықшам ауданының тұрғыны:

– Бұл бізге Жаңа жыл қарсаңыңда жасалған ең үлкен сыйлық болды. Алғысым шексіз.

Содан соң өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов балабақшаның ішіне кіріп, әр кабинетке бас сұқты. Мұнда ойын бөлмелері, асхана, медбике бөлмесі және үйірме залдары бар. Нысанды аралау барысында облыс әкімі кішкентай ұл-қыздармен кездесіп, оларға сыйлық табыстады.

Содан соң балақайлар келген қонақтардың алдында өз өнерлерін көрсетті.

Таспасы қиылған су жаңа балабақшада 7 топ, яғни, 140 бала тәрбиеленетін болады. Құрылыс жұмыстарымен жергілікті “Основание” серіктестігі айналысқан. Балабақшаның құрылысына қаржы облыстық бюджеттен бөлінген.

ҒАЛИЯ СӘРСЕКЕЕВА, “Береке” балабақшасының меңгерушісі:

– Балабақша екі тілде жұмыс істейді. Мұнда бір ерекшелігі, 2 жасқа дейінгі балалар да тәрбиеленетін болады.

Айта кету керек, облыс орталығында соңғы рет 2016 жылы бюджет қаржысына балабақша салынған. Осы ретте тағы бір қуанышты жаңалықпен бөліссек. Ендігі жылы “Жас өркен” ықшам ауданында тағы бір су жаңа бөбекжайдың құрылысы басталмақ.

 

Нұрасыл Ахмет