Балалар

Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығындағы Жаңа жылға дайындық

Данил Вартик – Мағжан Жұмабаев ауданындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі. 15 жастағы жеткіншек жылда Жаңа жыл мерекесін асыға күтеді. Дәл қазір ол Аяз атаға хат жазуда. Қалағаны – сымсыз құлаққап. Жеткіншек таңғажайып мерекеде арманының орындалатынына сенеді.

ДАНИЛ ВАРТИК, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі, М.Жұмабаев ауданы:

– Жыл сайын шырша безендіріп, мерекелік кеш өткіземіз. Әзірлеген тақпақтарымызды айтамыз. Ал түнгі 12-ден кейін далаға шығып, бәріміз от шашу тамашалаймыз. Аяз атаның сыйлықтарын күтеміз. Аяз ата жыл сайын қалаған сыйлығымды әкеліп береді. Мәселен, былтыр электронды сағат берді. Жыл сайын осы мерекеде арманым орындалады. Сондықтан, мен оны асыға күтемін.

Орталықтағы ұл-қыздар шеттерінен талантты. Олар сурет салады, өлең шығарады, ән айтады. Араларында аудандық, облыстық байқауларда жеңімпаз атанғандар да бар. Балақайлар Жаңа жылға ерекше концерттік бағдарлама дайындаған.

Әр баланың тілін тауып, ана да, әке де болып жүрген – тәрбиешілер. Меруерт Расқұлованың мекемеде жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асқан. Мейірімді жан бізбен тілдесу барысында ұл-қыздарды бөліп-жармайтынын, әрқайсысын өз баласындай көретінін жеткізді.

МЕРУЕРТ РАСҚҰЛОВА, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі, М.Жұмабаев ауданы:

– Орталықтағы 48 бала мектепте оқиды. Жеткіншектермен бас кезінде жұмыс істеу қиынға соғады.

Қазіргі таңда өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында 61 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың тағдыры әр түрлі. Бірі жақындарынан айырылса, енді бірі әке-шеше қарауынсыз қалған. Дегенмен, мұнда жеткіншектерге бар жағдай жасалған. Не ішем, не жеймін демейді. Тіпті, кейбір мейірімді жандардың арқасында Астана, Алматы қалаларына барып қыдырады екен. Болашақта мекемедегі әр бала еліміздің дамуына зор үлесін қосады дегенге сенім мол.

 

Нұрасыл Ахмет