Білім

Биыл өңірде апатты мектеп мәселесі шешілді

Облыстың білім беру саласында биыл оң өзгерістер молынан болды. Ол жайлы білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова баяндап, барлығын жіпке тізді. Мектепке дейінгі тәрбие жүйесі бойынша биыл 2 жаңа балабақша қолданысқа берілді. Оның бірі – 90 орындық ғимарат “Бірлік” ықшам ауданында болса, екіншісі – 140 орындық білім ошағы “Береке” ықшам ауданында бой көтерді.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Келесі 2025 жылы “Жас өркен” ықшам ауданында да 280 орындыққа араналған балабақша салынатын болады. Бұл 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың 96,9 пайызын қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыс орталығында осы жылы “Орман” ықшам ауданында 600 орындық Жайлы мектеп тұрғызылды. Ал ендігі жылы “Береке” ықшам ауданында да тағы бір 600 орындық мектеп салынбақ.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Жалпы, өңірімізде инклюзивті білім беруді дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Биыл “Береке” ықшам ауданында 300 орындық жаңа ғимарат салынды.

Сонымен қатар, биыл апатты жағдайдағы мектеп мәселесі де толығымен шешілді. Соңғы екі жылда Тайынша ауданында 3 бірдей жаңа мектеп іске қосылды.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Жалпы, осы жылы саланың қаржыландыруы 3 есе артып отыр. Соның ішінде 1 млрд-тан астам қаржы оқушылардың қауіпсіздіктерін сақтау бойынша жұмыстарға жұмсалды.

 

Мәдина Қаби