Қоғам

Үйі мен дүкенін су басқан қала тұрғынын облыс әкімі мерекемен құттықтады

Көктемде үйі мен дүкенін су басқан қала тұрғыны Татьяна Илениді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Жаңа жыл мерекесімен құттықтай барды. Аймақ басшысы құр қол келмеді. Табиғи апатты бастан өткерген отбасыға қар тазалайтын жабдықты сыйға тартты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз өзіміздің 107 шағын және орта бизнес өкіліне төлем жасадық. Соның ішінде сіздер де барсыздар. Ешкім назарсыз қалмады. Жұмыс Президентіміздің тапсырмасы аясында атқарылды. Мемлекет қолдауының арқасында осы күнге жеттік.

Ойқала ықшам ауданындағы үй мен дүкен жапсарласа орналасқан. Көктемде топан су белден асыпты. Сонысымен нысанға айтарлықтай залал келтірген. Ал бүгінде апаттың ізі де жоқ. Іске жауапты қараған мамандар сапалы жөндеу жұмысын жүргізіпті. Сауда бұрынғыдай жүріп жатыр. Облыс әкімі дүкен ішінде тындырылған шаруамен де танысты. Мұндағы қайта қалыпқа келтіруге мемлекеттен 5 жарым млн теңге бағытталыпты.

ТАТЬЯНА ИЛЕНИ, қала тұрғыны:

– Мамырдың 16-сы күні комиссия келді. Сосын құжаттарымызды жинап, жауаптыларға өткіздік. Тиісті ақшамызды алдық. Қаржыға жөндеу жұмысы жүргізілді. Көктемдегі көрініс пен бүгінгі көріністі салыстыруға келмейді. Мемлекеттің қолдауы болмағанда аяққа тұруымыз қиын еді. Жәрдем берген Президентке, облыс және қала басшылығына алғыс айтамын.

 

Байболат Құлтанов