Қызылжар ауданына қарасты Знаменское ауылында еркін күрестен Жаңа жыл мерекесіне арналған облыстық турнир өтті. Дәстүрлі додаға 100-ден астам бала қатысты. Бозкілемде өнер көрсеткен палуандар 4 ауданның намысын қорғады.
БАТИМА БЕЙСЕМБАЕВА, Совхоз орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
– Турнирге Мағжан Жұмабаев ауданынан, Булаево қаласынан және Мамлют пен Қызылжар ауданынан келген балалар қатысып жатыр. Олар – 7 мен 12 жас аралағындағы балалар. Баршаңызды Жаңа жылмен құттықтаймын!
Жас палуандардың бойында табандылық пен қайсарлық бар. Тістене күрескен олар жеңіс үшін барларын салды. Спортшылардың бар мақсаты – әлемді мойындатқан жерлестеріміз Ризабек Айтмұхан мен Нұрқожа Қайпановтың жолын жалғау.
ДЕНИС ГОПИЕНКО, турнирге қатысушы, Қызылжар ауданы:
– Мен өскесін Әлем чемпионатына барып, жеңіске жеткім келеді. Алдыма осындай мақсат қойып отырмын. Күреспен 4 жыл айналысамын. Қазір 8 жастамын. Өзімнің алғашқы жарысым осында өтті, сонда 2-ші орын алдым.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медаль мен кубок табысталды. Совхоз орта мектебінде өткен жарыс барысында талантты оқушылар тарапынан концерттік нөмір де ұсынылды.
Байболат Құлтанов