Спорт

Теріскейлік бұрымды Азия чемпионы атанды

20-26 желтоқсан аралығында Тайландта спорттық бағдарлаудан Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде теріскейлік спортшы қыз Әсем Назырова алтын медаль жеңіп алды. Сенбі күні чемпион үйге оралды.

ӘСЕМ НАЗЫРОВА, спорттық бағдарлаудан Азия чемпионы:

– Жерлестеріме сән-салтанатпен қарсы алғандары үшін алғысым шексіз. Чемпионатта бізге зор қолдау көрсетілді. Бұл менің жеңіске жетуіме өз септігін тигізді. Жарыстың бірінші күні спринтте жүгірдік, онда мен 11-ші орын алдым. Екінші күні өзімнің оң жамбасыма келетін орта қашықтықта барымды салып жеңімпаз атандым. Ал эстафетада Қазақстан құрамасының сапында күміс медаль еншіледім. Өкінішке қарай, шешуші сәтте Гонконг спортшыларына есе жіберіп алдық.

Дүбірлі додаға 10 мемлекеттен келген сен тұр, мен атайын дейтін спортшылар қатысты. Ел құрамасы жалпыкомандалық есепте 3-ші орынға ие болды.

ЮРИЙ ЧУПРИКОВ, спорттық бағдарлаудан СҚО аға жаттықтырушысы:

– Әсем осыдан тура 10 жыл бұрын Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медалін еншілеген болатын. Шәкіртім талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап келеді. Барған жарысынан жүлдесіз қайтқан емес. Ол өте еңбекқор, жаттығуға ең бірінші келіп, соңғы кетеді. Міне, қазіргі таңда соның жемісін көріп жүр.

Әсем Назырова сәл тынығып алып, 1 айдан кейін өтетін ел чемпионатына дайындықты бастайды.

 

Нұрасыл Ахмет