Шаһарда “Ұстаз” атты толықметражды фильмнің көрсетілімі өтті. Режиссері – Ерлан Ошақбаев, ал идея авторы – марқұм Бейсен Құранбек. Ауылға жаңадан келген ұстаздың және балалардың өмірі жайлы баяндалатын фильмді тамашалауға өңір ұстаздарының дені шақырылған.
Фильмнің басты кейіпкері – Ілияс атты жас мұғалім. Ол қаладан ауылға келіп, оқушыларға сабақ береді, түлектерді ҰБТ тапсыруға дайындайды. Жас жігіт өзге ұстаздардан ерекшеленіп, сабағын қызықты өткізеді. Ұл-қыздарға ерекше тапсырмалар дайындап, олардың білімге деген ынталарын оятады. Тіпті, балалардың отбасында қиын жағдай болып жаста, соларға да көмек қолын созады. Бірақ, мектеп директоры оның ойын дұрыс түсінбей, түртпектей береді. Не дегенмен соңында еңбек бағаланып, жас педагогтың бүкіл оқушысы тестілеуден жоғары ұпай жинап, грантқа оқуға түседі.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Туынды педагогтерге зор әсер мен тәлім-тәрбие берді. Жас ұстаздың қандай болуы керектігі жайлы толықтай баяндалды. Фильмнің балаларға да беретін тәлім-тәрбиесі өте көп. Отбасындағы, сыныптастарының арасындағы қарым-қатынастар жайлы толықтай фильмде көрсетілді.
Залдың іші лық толы. Көрермендер туындыны кірпік қақпай тамашалады. Соңында пікірлерімен бөлісті.
Мәдина Қаби