Балалар шаттанған күн. Сенбі күні облыс орталығында қала әкімінің шыршасы өтті. Шараға ерекше балалар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан жеткіншектер қатысты. Сән-салтанатқа толы жылдың бас мерекесінің кішкентай қонақтары шаһардың үздік өнер ұжымдары ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Шараға қала әкімі Серік Мұхамедиев те қатысты. Шаһар басшысы жеткіншектерді Жаңа жылмен құттықтап, оқуда озат болуларын тіледі.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі;
– Сіздерге ең алдымен зор денсаулық тілеймін. Оқуды жақсы оқып, зор жетістіктерге жетіңіздер. Үлкен азамат-азаматша болыңыздар. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Ұл-қыздарымыз білімді де білікті болса мемлекетіміз қарыштап дамитынына кәміл сенемін.
Көздің жауын алатын костюмдерді көріп өзіңді тура ертегі әлеміне тап болғандай сезінесің. Ұлдар жағы батырдың образын таңдапты. Ал қыздар мультфильмдегі ханшайымдардың кейпіне енген. Мәселен, Жасмин Әміреқұл “Сұлу мен Құбыжық” ертегісіндегі басты кейіпкердің киімін киген. Ол балалық шағымда осындай ұмытылмас сәттер көп болса екен дейді.
ЖАСМИН ӘМІРЕҚҰЛ, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:
– Маған бәрі ұнап жатыр. Жаңа жылды асыға күтіп жүрмін.
Қалалық мәдениет үйінің әртістері дайындаған концерттік бағдарлама балалардың көңілінен шықты.
– Жаңа жылда Аяз ата маған қуыршақ сыйлағанын қалаймын. Бүгінгі концерт маған қатты ұнап жатыр.
– Көп ұзамай ортаға мерекенің басты кейіпкері – Аяз ата шықты. Алыстан ат терлетіп келген қонақты балалар асыға күткені анық.
Мерекелік шараға 100-ден астам ұл-қыз қатысты. Концерттен кейін балалар Аяз атамен бірге “Хоровод” биін биледі. Содан соң мына жеткіншектердің әрқайсысына бағалы және тәтті сыйлықтар берілді.
Нұрасыл Ахмет