Ауыл шаруашылығы

Диқан Дулан Қалиев «Құрмет» орденімен марапатталды

Есіл ауданында орналасқан «Даниал» ЖШС 9 жыл бұрын іске кірісті. Бүгінде әке жолын Дулан Құдайбергенұлы жалғастырып, ауыл шаруашылығы саласында едәуір жетістікке жетті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл награда Дулан Қалиевтің тынымсыз еңбегі мен маңдай терінің жемісі деп білеміз. Сіздің әкеңіз Құдайберген Қалиұлы – білікті маман, ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлес қосты. Ол – нағыз үлгі болатын еңбек адамы. Бүгінгі бұл марапат – диқандардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланатындығының айғағы.

Марапаттау рәсіміне қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов Дулан Қалиевті наградасымен құттықтады. Өз сөзінде «Еңбек адамы» біздің қоғамда әрдайым сыйлы болуы керектігін айтты.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Әрине, осы күнге дейін жеткізіп жатқан, ол – Құдайберген Қалиұлының сара жолы деп айтуға болады. Жақсы тәрбие беріп, бағыт-бағдар көрсетіп, осы күнге жеткізді. Бірақ, әр жақсы жұмыс елеусіз қалмайды деп айтып өтті. Бүгін, міне еңбек бағаланып, үлкен наградаға ие болдыңыз. Марапатыңыз құтты болсын. Жолыңыз ақ болсын. Жұмысыңыздың жемісті болуын тілейміз.

Айта кетейік, биыл солтүстікқазақстандық аграрийлер 6 млн тоннадан астам астықты қамбаға құйып, рекордтық өнім жинады.

 

Данаш Хамза