Жаңа аудандағы жаңажылдық кеш. Жексенбі күні “Бірлік” ықшам ауданында мерекеге орай концерт ұйымдастырылды. Түрлі әндер айтылып, ойындар ойнатылды.
САНЖАР ИЛЬЯШЕВ, қалалық мәдениет үйінің әртісі:
– Шараны су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың көңіл-күйін көтеру мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Бұған дейін Ойқала, Зеречный аудандарында мерекелік іс-шара өткіздік.
Бірліктегі жаңажылдық қалашық ерекше жасалған. Орталықтағыдан кем түспейді. Шырша да айрықша безендірілген. Алаңның сәні де осы жасыл желек болып тұр. Аудан тұрғыны Өмірбек Нұрғожин мұнда немерелерін ойнатуға әкеліпті. Азамат аталған елді мекенге көшіп келгеніне еш өкінбейтінін, мұнда оларға бар жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
ӨМІРБЕК НҰРҒОЖИН, “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны:
– Бұған дейін Ойқалада тұрдым. Қазан айында “Бірліктен” су жаңа үй берілді. Президентіміз берген уәдесінде тұрып, бізді далада қалдырмады.
Мұндағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Балаларға жаңажылдық қалашықтың ұнағаны көрініп тұр. Ата-аналардың сөзінше, ұл-қыздар алаңда таң атқаннан кеш батқанша дейін ойнайды екен.
– Барлығын Жаңа жылмен құттықтаймын. Маған қалашық қатты ұнады. Алаңда ойнап жүргеніме 3 сағат болды.
– Мұндай ауқымды шараны бірінші рет көріп тұрмын. Маған ұнап жатыр. Жаңа жылды асыға күтіп жүрмін. Аяз атаға хат жаздым. Ол маған сымсыз құлаққап сыйлағанын қалаймын.
Ал елді мекенде тұратын жандар әр жерден көшіп келсе де шамалы уақыттың ішінде бір-бірімен тіл табысып кеткендері көрініп тұр. “Бірлік” тұрғындарының бірлігі жарасқан.
Концертте барлығы қалалық мәдениет үйінің 10-ға жуық әртісі өнер көрсетіп, 15 нөмір орындалды. Айта кету керек, шараға барлығы – 200-ден астам адам қатысты.
Нұрасыл Ахмет