Өткен Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов “Арман” атты Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығында болды. Сонда тірек-қимыл аппараты бұзылған ұл-қыздар тәрбиеленетін мекемеге көтеру қондырғысы бар шағын автобусты сыйға тартты. Танысу барысында өңір жетекшісі директордың ұсыныс-тілегін де тыңдады. Басшы Татьяна Лузакова заманауи тренажерлер қажет екіндігін айтты. Өтініш жерде қалмады. Орталыққа соңғы үлгідегі бірнеше жабдық жеткізілді.
Қазір тренажерлерде балалар құлшына жаттығады. Олардың қасында арнайы маман болып, ақыл-кеңес береді. Аққайыңдық Руслан Шәріпов белгілі бір салмақты тізе тұсымен әрлі-берлі қозғалту арқылы сан бұлшықеттерін қатайтуда.
РУСЛАН ШӘРІПОВ, “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының тәрбиеленушісі, Аққайың ауданы:
– Тағы заманауи велосипед бар. Оның бұрынғыдан ерекшелігі – дененің бірнеше тұсына әсер етуі. Орталық директоры облыс әкімі тарту еткен жабдықтарды жоғары бағалап отыр.
ТАТЬЯНА ЛУЗАКОВА, “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының директоры:
– Үшінші жабдық та аяққа арналған. Ол арқылы балалар жүруге бейімделеді. Ұл-қыздар жаттығу залына тұрақты түрде келеді. Бүгінде оң өзгерісті байқап отырмыз. Тәрбиеленушілердің қимыл-қозғалысы ширады. Өтінішімізді жерде қалдырмаған аймақ басшысы Ғауез Торсанұлына зор алғысымызды білдіреміз.
Мерекеге дайындалып жатқан “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығында бүгінде 12 бала тұрады. Олар №13 орта мектепте оқиды.
Байболат Құлтанов