34 жастағы Әсемгүл Сағитова – алтын құрсақты ана. Осыдан үш күн бұрын алтыншы баласын дүниеге әкелген. Көпбалалы нәзікжандының 4 ұлы мен 2 қызы бар. Азаматша кенжесінің есімін Ислам деп қойған екен. Шақалақтың салмағы – 3 келі 670 грамм. Айта кетерлік жайт, бүгін – Әсемгүл Сабырқызының туған күні.
ӘСЕМГҮЛ САҒИТОВА, көпбалалы ана:
– Орталықта маған бар жағдай жасалуда. Қызметкерлері өте сыпайы. 6 баламды да осы орталықта босандым.
Манат Маханбетәлиева да көпбалалы ана. Нәзікжанды 23-ші желтоқсан күні алтыншы қызын босанған. Азаматшаның ең үлкен қызы 11 жаста. Кенжесінің есімін жұбайы Мәриям деп қойған екен.
МАНАТ МАХАНБЕТӘЛИЕВА, көпбалалы ана:
– 6 қыздың анасымын. Орталықта маған бар жағдай жасалған. Қызыорда облысынан 1 жыл бұрын көшіп келгенбіз. 5 қызымды сол жерде босандым.
Өңірімізде көпбалалы аналар саны жыл сайын артып келеді. Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық перинаталдық орталықта болды. Алтыншы балаларын дүниеге әкелген қос алтын құрсақты ананы мерекемен құттықтады. Өңір жетекшісі нәзікжандылардан өздері мен нәрестелерінің жағдайларын сұрап, әкелген сыйлықтарын табыс етті.
Қос алтын құрсақты ана да жақын күндері отбасына оралып, мерекені жанұясымен бірге қарсы алады. Содан соң Ғауез Торсанұлы орталықтағы басқа да аналармен кездесіп, мерекемен құттықтады. Айта кету керек, биылғы жылы аталған мекемеде 4200 бала өмірге келген. Оның 42-сі егіз болса, бір нәзікжанды үшемді дүниеге әкеліпті. Ал өңіріміздегі көпбалалы аналардың саны 5 мыңға жуықтайды.
Нұрасыл Ахмет